Наурызнама

Наурызнама

Ұлыстың ұлы күні тек 22 наурызбен шектелмейтінін бүгінде бүкіл халық түсініп келе жатыр. Кеңестік кезеңде үзіліп қалған ұлттық мейрам Тәуелсіздік алғаннан кейін жанданып, өз аясын кеңейте түсуде. Соның бір дәлелі - Наурызнама онкүндігі.

Бұл бастама ұлттық мейрамның мән-маңызын аша түсті. Осыған дейін Наурыз мерекесі дастарқан жайып, наурызкөже жасап, бір-екі ән айтып, би билеп, концерт берумен шектелетін. Алайда Наурыздың аясы бұдан әлдеқайда кең еді. Осы жолы қолға алынған онкүндікте Амал мерекесінен бастап қайырымдылық, көмек көрсету, дәстүр-салтты дәріптеу, тал егу, айналаны тазарту, ізгі тілек, ақ ниетпен бір-бірінің амандығын білу сияқты ауқымды шаралармен қамтылған.

Міне, үшінші күн өтті. Алматы облысында Наурызға байланысты ізгілік шаралары жалғасын табуда. Бірінші Амал мерекесінде Қонаев қаласының Орталық алаңында көрісудің керемет үлгісі паш етілді. Ауыл, аудандарда да бір-бірімен көріскен жұрт Наурыздың басталғанын шын сезінді. Ал екінші күн қайырымдылыққа арналды. Мектептерде, балабақшаларда балаларға сыйлық таратылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді.

Мәселен, 15 наурыз  - Қайырымдылық күніне орай Қарасай ауданында «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы сертификатын тапсыру салтанаты өтті.  «Жаздық жолдама» жобасы аясында жазғы каникул кезінде 20 мың оқушыға зияткерлік және шығармашылық дамуға жағдай жасалады. қамтамасыз етеді. Осы орайда Қарасай ауданы бойынша 400 оқушыға жолдама бөлініп отыр. Бұл қайырымдылық жобасы оқуда үздік көрсеткіштерге ие және қоғамдық өмірде белсенді оқушыларды қолдауға бағытталған.

Дәл осы күні Қаскелеңге қарасты Жібек жолы ауылында 130 ерекше балаға мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда балаларға сыйлық таратылды. Қайырылымдық шарасына барлығы 2 млн теңге жұмсалды. Сол секілді облыс аумағындағы «Aport Moll» сауда ойын-сауық кешенінің ұйымдастыруымен «Наурыз жәрдемі» қайырымдылық акциясы өткізілді. Іргелі ауылдық округінде тұратын әлеуметтік осал тобының отбасыларына 300 азық-түлік себеті берілді. Өңірдегі «Лаура бетон» ЖШС демеушілігімен әлеуметтік аз қамтылған 16 отбасына азық-түлік таратылды.

Жамбыл ауданында 15 наурыз -  Қайырымдылық  күніне орай «АЛМАТЫ ОБЛГАЗ ENGINEERING» компаниясы 21 отбасына тегін газ желісін жүргізіп беріп жатыр. Осындай қайырымдылық істері Еңбекшіқазақ, Талғар, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Іле, Балқаш аудандарында және Қонаев қаласында да жалғасын тапты. Өңірлердің барлығында мұқтаж жандарға, қарияларға, балалаларға, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. Сонымен бірге, Наурызнама жоспарына сәйкес, алдағы Тазару күнінде облыста 15 мың тал егілмек.

Ізгі шараның үшінші күн дәстүрімізді дәріптеумен жалғасып жатыр. Бұл күннің құрметіне ауыл, аудан, қала көлемінде ұлт мәдениетін ұлықтаған игі шаралар қолға алынған.

Түйіндеп айтқанда, бұл шаралардың барлығы мемлекет мерейін үстем етіп, ұлт бірлігін нығайтатын ізгі қадамдар.

Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!