
Қонаев қалалық мәдениет үйінде Энергетиктер күніне арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов ашып, облыстың энергетика саласына үлес қосқан энергетика ардагері Әлмешов Әлмахат Әлмешұлы құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында облыстың энергетика саласына үлес қосқан 15 азаматы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Еңбегі сіңген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, 19 адам ҚР Энергетика министрінің және Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетерлігі, соңғы 5 жылда Алматы облысында жалпы қуаты 304 МВт болатын 15 жаңартылатын энергия көзі салынған. Бүгінде облыста жалпы қуаты 325 МВт болатын 22 нысан бар. Оның ішінде 6 күн және 9 жел электр станциялары бар. Өткен жылы жалпы қуаты 110 МВт болатын 2 жел электр станциясы іске қосылып, құны 65 миллиард теңге болса, биыл Райымбек ауданында қуаты 2,2 МВт 1 шағын су электр станциясы салынды.
2023 жыл Алматы облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға айтарлықтай серпін берді. Қапшағай және Мойнақ су электр стансалары - отандық энергетикалық жүйенің флагмандары болып табылады.