
Қонаев қалалық Мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I форумы өтті.
Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов, басқарма басшылары, аудан әкімдері мен депутаттар қатысты.
Форумда негізгі екі мәселе қаралды. Оның алғашқысы – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыруда Жол картасының орындалуы. Ол туралы өңір басшысы Марат Елеусізұлы есеп берді.
Ол өз сөзінде: “Облыста тұрғын үй салу қарқыны жыл санап артып келеді. Осы жылы жоспарланған 811 мың шаршы метрдің 10 айда 808 мыңы пайдалануға берілді. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштің бірі. Алайда жыл сайын үй кезегіне тұратын азаматтар саны 3-4 мың адамға көбеюде. Бүгінде 40 мың адам кезекте тұр.”-деп атап өтті.
Бұдан бөлек, облыстағы жол құрылысы, субсидия көлемі, газдандыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі, өңірдің экологиялық жағдайы мәселелері бойынша есеп беріліп, алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жол картасын іске асыру қорытындысы бойынша экономиканың жыл сайынғы өсімі 4-5 пайызды құрап, жалпы өңірлік өнім 2027 жылға қарай 6 трлн теңгеден асады деп күтілуде.
Форумда қаралған екінші мәселе бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының «AMANAT» партиясы 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыруда Жол картасында орындалмау қаупі бар нысандар туралы сұрақтарға да орын берілді.