Қызылша бойынша облыстық жедел штабтың отырысы

Қызылша бойынша облыстық жедел штабтың отырысы

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Е. Әбдірахымның төрағалығымен қызылшаға қарсы облыстық штабтың отырысы өткізілді.

Отырыста Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Л.М.Ақтаева мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы М.А.Исмаилов облыстағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдай, оның ішінде мектеп оқушылары мен балабақшаға баратындар арасындағы қызылша ауруы туралы, қосымша жаппай иммундауға дайындық барысы, қызылша жағдайының одан әрі асқынуына медициналық мекемелердің дайындығы туралы, қызылшаның және басқа да бақыланатын инфекциялардың алдын алуда иммундау маңыздылығы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы баяндады.

Отырыс барысында облыс тұрғындарының иммундауға жататын топтары үшін қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау үшін облыс әкімдігінің 112 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаны сатып алу мәселелері қаралды.

Жалпы облыс бойынша 100 мыңнан астам халықты қосымша жаппай екпемен қамту жоспарлануда, оның ішінде 6 айдан бір жасқа дейінгі 25 мың бала, 2 жастан 5 жасқа дейінгі 76 мың бала, жоспарлы екпеден қалып қойған 2 мың адам мен 3 мың медицина қызметкерлері.

Отырысының қорытындысы бойынша құзырлы органдарға қызылша жағдайын тұрақтандыру бойынша әрі қарай шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.