
2023 жылдың 7 қараша күні Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінде Алматы облысы әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің Талғар ауданының тұрғындарымен есептік кездесуі өтті.
Талғар ауданының тұрғындарымен кездесу жергілікті халықтың өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды. Жиын барысында көтерілген негізгі мәселелер инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты, атап айтқанда Бесағаш, Қайнар, Белбұлақ, Алатау ауылдық округтерін сумен қамтамасыз ету, газдандыру және электрмен жабдықтау мәселелері болды.
Аталған кездесуде өткен жылдан бері ауданда 89 түйткілді мәселе анықталғаны айтылды. Бүгінгі күні оның 19-ы жойылды.
Атап айтқанда, Талғар қаласында 7,7 шақырым, Белбұлақ ауылында 7,6 шақырым, сондай-ақ Береке, Өстемір ауылдарында тиісінше 1,2 шақырым және 1,8 шақырым көшелерде жолдың бетін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Жаңалық ауылында электр желілері жөнделіп, 150 көшеге жарықтандыру қондырғысы орнатылды. Арқабай ауылында жаңа балалар алаңы пайда болды.
Қалған 70 түйткілді мәселеге келсек, оларды шешу үшін арнайы жол картасы әзірленеді. Барлық мәселелер 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен толығымен шешіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Талғар ауданында өткен жеке қабылдауда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «eOtinish» электронды порталы арқылы тіркелген азаматтарды қабылдады. Барлығы 8 мәселе қаралды.