Облыстық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясы

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясы

Бүгін облыс әкімінің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясы өтті. Алматы облысында ағымдағы жылдың 5 қарашасында алғаш рет пилоттық режимде Балқаш және Жамбыл аудандарының әкімдері сайланады. Заңнамаға сәйкес 2025 жылдан бастап әкімдер барлық аудандарда (облыстың құрамындағы қалаларда) сайланатын болады. Елімізде биыл сайлау 45 ауданда өтеді. Бекітілген тәртіпке сай аудан әкімі болғысы келетін үміткерлерді облыс басшысы мен саяси партиялар ұсынады. Жеке азаматтар да өздерін ұсына алады.
- «Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасы шеңберінде тиімді мемлекеттік модель құру жөніндегі саяси реформаларды іске асыру жөніндегі келесі қадам. Ол азаматтардың негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ, сессияда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін анықтау мәселесі талқыланды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Кәрібаев Нұрсұлтан өз сөзінде атап өткендей, қазіргі уақытта облыста 94 автобус қатынасы жұмыс істейді. Әлеуметтік маңызы бар 29 бағыт бойынша автопаркті жаңартуға мүмкіндік беретін субсидиялар бөлінеді. Биыл олардың иелері мемлекеттен 1,345 млрд теңге көлемінде субсидия түрінде қолдау алды. Осының арқасында 12 көлік бірлігі жаңартылды. Жыл соңына дейін тағы 30 автобус сатып алынады.
13 жаңа бағыт іске қосылды, облыс орталығында муниципалды автобус паркі құрылды. Үш ауданда жұмыс істейтін электрондық билеттеу жүйесін одан әрі енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қосымша 30 ауданішілік бағыт ұсынылды, олардың ішінде: Қонаев қаласында - 3, Қарасай ауданында - 5, Еңбекшіқазақ ауданында - 18, Жамбыл ауданында - 4 жаңа бағыт.
Оқушыларды тасымалдауға ерекше көңіл бөлінеді. Облыс әкімі оқушылар үшін бұрын сатып алынған автобустарды қалалық автопарктің балансына беру қажеттігін атап өтті. Облыс және қала әкімдіктерінің бірлескен жұмысының арқасында автобус жүргізушілеріне еңбекақы төлеу мәселесі біртіндеп шешілуде.
- «Халыққа қызмет көрсету сапасына әсер ететін өзгерістерді енгізуді жалғастыру қажет. Бізде көптеген адамдар саяжайларда, шалғай елді мекендерде тұрады, бірақ қалада жұмыс істейді. Олар үшін жағдай жасау керек. Субсидиялар автопарктың жағдайын жақсартудағы бизнеске көмектеседі. Ол бүгінгі таңдағы құрам 70% - ға ескірген. Сондай-ақ, тиісті басқарманың назарын автомобиль жолдарының сапасына аударуымыз қажет», - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар, сессияда облыстық жер комиссиясының құрамы да бекітілді.