
Алматы облысының облыстық орталығының қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым – айбыным» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі.
Өңір басшысы барлық тұрғындарды Конституция күнімен құттықтап, облыста болып жатқан жетістіктерімен бөлісті.
«Алматы мен Қонаев қалалары арасында «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Болашақта жоба 3,7 трлн. теңгеге инвестиция тартуды көздейді. Алматы қаласының маңында жалпы ауданы 1,5 мың га болатын 4 индустриялық аймақ құрылуда, онда түрлі салаларда перспективалы жобаларды орналастыру көзделген. Біздің өңірдің орталығы Қонаев қаласы инфрақұрылымы дамыған, өмір сүруге қолайлы заманауи нысандары бар жарқын жастар қаласы болуға тағы бір қадам жасады. Жақында Қонаев қаласының бас жоспары бекітіліп, облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналады», - деді өңір басшысы.
Салтанатты жиын барысында «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жоргенбаев Жанболат Ақебайұлы , Жамбыл ауданының «Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы» ҚБ президенті Арғымбаев Еркебек Қамбарұлы, Еңбекшіқазақ ауданының Еңбек ардагері, жазушы, драматург Әшіров Ахмет Ақсопыұлы, Еңбек ардагері Әсия Мұхамеджанқызы және Райымбек ауданының Еңбек ардагеріҚамамбаев Қанат Тұрсынұлы алды.