
11 тамыз күні Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының м.а. Ақыл Жандостың қатысуымен «Билайн» сауда белгісімен шығатын «КаР-Тел» ЖШС-нің базалық станциясы құрылысының аяқталуына орай брифинг өткізілді.
Кепебұлақ ауылын ұялы байланыспен және интернетпен қамту мәселесі бірнеше жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелердің бірі болды.
Брифинг барысында ауыл тұрғындарын, ауылдағы әлеуметтік нысандарды сапалы интернетпен қамту мәселесі талқыланды. Биылғы жылдың ақпан айында орын алған қайғылы оқиғадан кейін «КаР-Тел» ЖШС (Билайн сауда белгісімен) әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Кепебұлақ ауылын 4G стандартындағы интернетпен қамтуды өз міндеттемесіне алды. Әдетте базалық станция құрылысы 1 жылға дейін уақыт алады, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан келісу рәсімдерін жеделдету нәтижесінде жұмысты мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігі пайда болды.
Алдағы уақытта Теле2/Алтел және Кселл/Актив операторларына тұрғызылған антенна-діңгек құрылысына өз құрылғыларын орнату туралы ұсыныс жасалынады.
«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Кепебұлақ ауылында орналасқан Исахметов атындағы орта мектепте сапалы интернет желісі жоқ. Осы мәселені шешу үшін аудандық білім бөлімі мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуға ашық конкурс жариялап, оны «Bim-Revit» ЖШС 15,8 млн. теңгеге жеңіп алды. Келісім шартқа сәйкес компания жұмыстарды үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегіне дейін аяқтау керек. Талшықты-оптикалық байланыс желісі жерасты жолдарымен мектепке дейін жеткізілген соң оны «Қазақтелеком» АҚ өз балансына алып, мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді»-деді өз сөзінде Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасы басшысының м.а. Ақыл Жандос.
Айта кететін жайт, жақында Үкіметте бекітілген «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында Кепебұлақ ауылындағы фельдшерлік акушерлік пунктке, жекеменшік балабақшаға және клубқа 2024 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған.