
Қонаев қаласында "23 маусым - Мемлекеттік қызметші күніне" орай салтанатты шара өтті. Осы саланың үздік қызметкерлері Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Дәстүрлі құттықтаулар мен тілектер Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері басқармасының Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлованың атынан марапаттар, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыстаумен ұласты.
Айта кетсек, Алматы облысында 371 мемлекеттік орган қызмет атқарады, онда 3709 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олардың орташа жасы – 39 жас.
Өңір басшысының атынан құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов жеткізді.
Салтанатты жиын барысында «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілері мен Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттау, сондай-ақ түрлі спорттық жарыстар мен кәсіби жарыстарда жеңімпаз атанғандарға алғыс хат, құттықтау грамоталары, бағалы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова құттықтау сөзінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысының сапасы халықтың өмір сүру деңгейіне, ұлттық жобалардың, бағдарламалардың жүзеге асырылуына тікелей әсер ететінін айтты.
– «Сізге сенетін, біліктілігіңіз бен кәсібилігіңізге сенетін адамдарға қызмет етуден асқан құрметті мамандық жоқ. Сіздер қоғам өмірінің барлық саласында мемлекеттік саясатты жүргізушілерсіздер. Жауапты жұмысты абыроймен атқарып, жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, әрқайсыңыз мемлекетіміздің дамуына үлес қосып, өңірдің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқаты үшін еңбек етіп жатырсыздар», - деді Ләззат Бейсеқұлова.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Алматы облысы бойынша департаментінен Құрмет грамоталары мен ақшалай грамоталар табысталды. Мәселен, «Тәрден тағылым» байқауында жеңімпаз атанған Талғар ауданының командасы, өз номинациясында үздік деп танылған Қонаев қаласы әкімдігінің бейнеқұттықтауы және «Алматы облысының үздік әдеп жөніндегі уәкілі» атағымен марапаттау жүргізілді.
«Мемлекеттік қызметшілерге жүктелген міндеттер жоғары жауапкершілікті талап етеді. Олардың ішінде ең біріншісі – қызметтік әдеп нормаларын сақтау. Бұл қашанда мемлекеттік қызметшінің халықпен байланыс орнатудағы, ұжыммен жұмыс жасаудағы жоғары кәсіби шеберлігін айғақтайды. Бүгінгі марапат алға ұмтылуға тағы бір түрткі, мотивация болды», - дейді Алматы облысы бойынша «Үздік әдеп жөніндегі уәкіл» атағын алған Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы Азамат Жандосов.