
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұқараны 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы алдымен Қонаев қаласындағы Даңқ мемориалы ескерткішіне гүл қойып, сұрапыл соғыста қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.Бабалар рухына тағзым еткен облыс әкімі Марат Елеусізұлы, орталық алаңда барша халықты Жеңіс күнімен құттықтады. «Бұл соғыста Кеңес Одағының халқы үлкен батылдық пен төзімділіктің ерекше үлгісін көрсетті. Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандық болды. Өкінішке орай, ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп, азая түсуде. Бүгінгі күні Жеңіс мерекесін облыс бойынша 10 соғыс ардагері қарсы алуда. Ұлы Жеңістің арқасында бiздiң аспанымыз ашық болып, тыныштықта бейбiт өмiр сүрiп, алаңсыз еңбек етiп келемiз. Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір соғыс ардагеріне қамқор болып, олардың өшпес ерлігіне құрмет көрсету»,-деді өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев. Сондай-ақ, өңір басшысы Алматы облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті бюджеттен 222,7 млн. теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілгенін тілге тиек етті. Айтуынша, Ұлы Отан соғысының 10 ардагерлеріне 1,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер қарастырылған. Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған мерекелік шара балалар шығармашылық орталығының қойылымынан бастау алып, өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.
Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы Қонаев қаласының тұрғыны Оксана Бетебаеваның үйіне атбасын бұрып, Ұлы Жеңіске 78 жыл толуына орай сый-сияпат көрсетіп, жылы лебізін білдірді. «Сіздердің арқаларыңызда бүгінгі тыныш өмірді сүріп келеміз . Жеңіс - ұрпаққа жарқын болашақ сыйлады . Бұның барлығы сіздер тарту еткен тәтті сый. Біздер сіздердің жанқиярлық ерліктеріңізді бағалаймыз. Көзсіз батырлықтарыңыз үшін қарыздармыз»,-деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы. Оксана Бетебаева 1920 жылы өмірге келген. Сол кездегі бұрымды қыз Кеңес әскерінің қатарында қызмет еткен. Сұм соғыс басталған жылы Полтава майданында жауға қарсы тұрды. Майдангер әже жанкешті ерлігі үшін 2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, жеңіске орай көптеген мерейтойлық медальдар мен 2004 жылғы Украина Президентінің медалі, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың құттықтауына ие болған.
Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев қарт майдангер Солтанбай Жарықбасовты Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады. Қарияны төл мерекесімен құттықтау үшін облыс әкімі Марат Елеусізұлы Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылына арнайы барды. Сый-құрметін көрсеткен облыс басшысы 98 жастағы ақсақалға көзсіз ерлігі үшін алғыс білдірді. «Сіздер қаққан жеңістің темірқазығы тәуелсіз елдің тұғырының берік әрі биік болуына сеп болды. Бүгінгі күнгі мамыражай тірлік кешуіміз өздеріңіз сынды ардагерлердің сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен батылдығының арқасы. Әр майдангердің маңдайынан шыққан теріне, жанын қиған ерлігіне қарыздармыз. Сіздерді ұлықтау тұтас ұлтқа парыз»,-деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев. Өз кезегінде Солтанбай ақсақал, елеп ескеріп келген өңір әкіміне ризашылығын білдіріп, батасын берді. «Мереке күні ұмыт қалдырмай арнайы келгеніңізге рахмет айтамын. Біз үшін бұдан асқан құрмет жоқ. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын»,-деді Солтанбай Жарықбасов. Айта кетейік, Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы өмірге келген. Ол 1943 жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанған. Жапондықтарға қарсы соғысқан Солтанбай Жарықбасов Забайкал майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонының, 1-ші ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған. ҰОС ардагері 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иесі. Сонымен қатар, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық, мерекелік медальдарымен марапатталған.