
Алматы облдысының орталығы Қонаев қаласында колледж кітапханашыларына арналған «kitapFest» республикалық семинары өтті.
Екі күнге ұласқан ауқымды шарға елдің түкпір-түкпірінен келген 200 адам қатысты. Білім ордаларының кітап қорын молайту, жастардың көркем әдебиетпен сусындауына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған cеминарда Министрлік өкілдері, Облыстық, Астана, Алматы, Шымкент қалалары Білім басқармаларының өкілдері, Ақын-Жазушылар, Қазақстан баспалары, РҒПК қызметкерлері төбе көрсетті.
Семинарға қатысушылар техникалық және кәсіптік білім ұйымдары кітапханаларының өзекті мәселелерін, кітапхананың рөлі мен орнын, қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы сөз қаузады.
«Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ұйымдастыруымен кең көлемде семинар өтті. Екі күн бойы білім саласындағы рухани байлыққа үлес қосатын кітапханашылар өз салаларындағы олқылықтар мен жүйелі істер туралы ойларын ортаға салды. Қатысушылар көтерген елеулі мәселелер қатарында кітапханашы мәртебесін көтеру, жалақының аздығы сынды түйіткілдер болды. Айтылған сөздер өз жүйесін тапты деген сенімдемін. Жалпы, әр білім ошағындағы кітапханашының артында үлкен де маңызды баға жетпес, терең шығармашылық жұмыс орындалып жатқанын естен шығармауыз керек», - деді «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Жарқынай Хаджимуханова.
Семинарға қатысушыларда шарада тосылып қалмады. Олар кітапхананың материалдық-техникалық базасынан бұрын, қарапайым кітап қорының тұрақты түрде толықпайтынын айтты.
«Колледж кітапханаларының 90 пайызы мамандық бойынша оқулықтармен қамтамасыз етілген. Көркем әдебиет жоқтың қасы. Болса да, олар орыс тіліндегі кітаптар болып табылады. Қазіргі таңда жас буын рухани азық алатын, дүниетанымын кеңейтетін оқулықтар колледж кітапханаларына жетпей жатады. Осыны жоғарыдағылар назарларына алса екен. Болашақ-білімнен басталады,- деді Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің кітапханашысы Толқын Нурмуханбетова.
Әріптесінің сөзін Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының әдістемелік қызмет басшысы Аманкүл Емишова да қостап, кітапханалардың қоры соңғы 20 жылда көркем әдебиетпен толықпағанын тілге тиек етті.
«Бала - біздің болашағымыз дейміз, алайда сол ұрапққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында тиісті деңгейде қызмет көрсетуіміз керек. Білімнің бастауы-кітап. Ендеше, оқу ордаларындағы кітапхана сөрелерін адам өміріне қажет кітаптармен толтыру маңызды. Осыны басшылыққа алып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі арнайы бұйрық шығарса. Одан кейін, кітапханашылардың мәртебесін көтеруге, олардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалса құба-құп болар еді. Сондай-ақ, кітапхана жұмысын цифрландыру ісін қолға алса біршама мәселенің күрмеуі тарқатылады»,- деп ашып айтты Аманкүл Бастаубайқызы.
Республикалық семинарға арнайы келген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшы Әлімжан Құмашев мамандар қозған мәселенің орынды екенін жеткізді.
«Сіздер айтқан жайттар өзекті. Бұл ұсыныстарыңыз жерде қалмайды. Жалпы, біздің елдегі кітапхана қоры 18 млн кітаппен қамтамасыз етілген, соның ішінде 6 млн дана кітап қазақ тіліндегі басылымдарға тиесілі. Бүгінгі күні мемлекет басшысы кітапхананың материалдық-техникалық базасын жақсартуды тапсырды. Осы төңірегінде алдағы уақытта біршама жұмыстар жүргізіледі»,-деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Әлімжан Құмашев.
Жалпы, семинарда «Атамұра», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы» сияқты баспалардың өкілдерімен кездесу өткізіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, пленарлық отырыс, шеберлік-сыныптары өткізілді. Шара соңында барша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.