Алматы облысының әкімдігінде Қонаев қаласының дизайн коды таныстырылды

Алматы облысының әкімдігінде  Қонаев қаласының дизайн коды таныстырылды

Алматы облысында мәслихат депутаттарына Қонаев қалысының дизайн коды таныстырылды.
Алқалы бас қосу облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновтың қатысуымен өтті.
Жиынның басында Нұржан Кеңесұлы аймақта «Almaty region master plan» ЖШС құрылғанын мәлімдеді.
«Аталмыш мекеме G4 City-ге кіріктірілген төрт бірдей қаланың жобалау жұмысымен айналысып жатыр», - деді Нұржан Құдайбергенов.
Шаһар келбетіне өзіндік көрік қосатын ерекше дизайн үлгісін «Almaty region master plan» ЖШС директоры Арсений Пирожков өзі таныстырды.
«Біз қаланың көркін ашатын дизайнерлік жұмысымызда ең алдымен бұқараға қолайлы жағдай жасауды көздедік. Бала жетектеген ана мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына баса назар аудардық, артынша облыс орталығының сәулетінің көрген көзге көркем болуын қадағаладық»,-деді серіктестік басшысы.
Олардың дизайндік жобасында көшенің қос қапталы, тұрғын үйлердің қасбеттері, тіпті, сауда орындарының келбетін өзгертуге қатысты түрлі ұсыныстар көрсетілген. Тек, субұрқақ көрініс таппаған.
Бұл турасында облыстық мәслихаттың депутаты Лаззат Тұрлашов пікірін ортаға салды.
«Қонаев қаласының ауа райын баршаңыз білесіздер. Жазы өте ыстық. Сол себепті, субұрқақтарды орналастырған абзал. Екінші мәселе, ғимарат сыртын ретке келтіру көп шығынды талап етпеуі тиіс, осының оңтайлы шешімін тауып, қазынаға түсер салмақты жеңілдететін жолды қарастыру керек »,- деді Лаззат Махатұлы.
Жиынға қатысқан өзгеде депутаттар қала ішінде автотұрақ мәселесі мен велосипед үшін арнайы жол әзірлеу қажеттігін айтты.
Жалпы, жаңа мәртебеге ие болған шаһардың көрінісін көрікті ету үшін әлі талай жұмыстар атқарылмақ. Жаңа қаладан бұрын, ескісін ретке келтіру жауаптылар алдында тұрған үлкен міндет. Инфрақұрылымынан бастап, кәріз жүйесін жаңартуға дейінгі жұмыстар кезең- кезеңімен жүзеге асады. Барлық істер бас жоспардың шеңберінде атқарылмақ, дизайн код нақты бекітілсе шаһардың келбетіне ажар қосу жұмыстары қос құжат арқылы іске аспақ.