Алматы облысында көшпелі семинар-кеңес өтті

Алматы облысында көшпелі семинар-кеңес өтті

24 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша Алматы облысында көшпелі семинар-кеңеске қатысты.

Іс-шараға жергілікті атқарушы, прокуратура органдарының өкілдері,  аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау заңнамасының жаңалықтарына, 29 бірмандаттық округ бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары, сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру, сондай-ақ ұлттық және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Төлеген Сарсембаев жиналғандарға сайлау өткізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Мәселен, облыста 849 сайлау комиссиялары бар, оның ішінде 11 аумақтық (77 мүше), 629 учаскелік (4423 мүше) және 209 округтік (1045 мүше).

Сайлау учаскесі туралы ақпаратты «Сайлаушыларды іздеу» сервисінде, Telegram бот, 10 ауданда және Қонаев қаласында бар Call-орталықтардан алуға болады.

Сондай-ақ ол кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін өткізу үшін 197 үй-жай және көрнекі үгіт-насихат жүргізу үшін 709 орын анықталғанын хабарлады.

Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі 1353 азамат үшін ерекше жағдайлар қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 601 учаскенің 595-сі пандустармен, 390-і кіре берісте тактильді көрсеткіштермен, қамтамасыз етілген.

Бұдан басқа, дауыс беру кезеңінде мүгедектігі бар адамдар үшін 601 учаскеде бұрыштар ұйымдастырылады және кабиналар жабдықталады.

Есту қабілеті бұзылған 338 сайлаушы үшін учаскелерде сурдоаудармашының «онлайн» немесе «офлайн» режимінде көмек көрсету үшін ақпарат орналастырылатын болады. Облыс орталығы мен аудандарда дауыс беру күні «Инватакси» және «әлеуметтік такси» қызметтері тартылатын болады.

Сондай-ақ семинар-кеңес аясында облыстық прокуратурасының өкілі сөз сөйлеп, сайлау процесіне қатысушылардың заңнаманы сақтауын қадағалауды жүзеге асыру туралы хабардар етті.

Бағдарламалардың екінші бөлігінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына арнап кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізілді. 

Арнайы ұйымдастырылған іскерлік ойын барысында сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының барлық жұмысын (дауыс берушілерді тіркеу, бюллетеньдер беру, басқа облыстан есептен шығару  куәлігімен  дауыс беру және т.б.) көрсете отырып, учаскелерде дауыс беру процесін модельдеді.

Семинар-кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының барлық сұрақтарына жауап берді.