Алматы облыстық ономастикалық комиссияның отырысы өтті

Алматы облыстық ономастикалық комиссияның отырысы өтті

Басқосуда комиссия қарауына Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарындағы 12 мектеп, Балқаш және Қарасай аудандарындағы саябақтардың атаулары ұсынылды. Сонымен қатар 6 аудандағы 333 көше мен Кеген ауданына қарасты әкімшілік-аумақтық бірлікке қайта атау беру мәселелері қарастырылды.

Алқалы басқосуда Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Дәулет Шайтұрсын күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталып, ұсыныстарды зерделеді.
Жиын барысында Қарасай және Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары аймақтардағы ономастикалық жұмыстарға байланысты атқарылған іс-шаралар туралы баяндады.
Комиссия отырысы барысында Алматы облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Байғоджаев, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова сөз алып, ұсыныстар жайлы оң көзқарастарын білдірді. Сондай-ақ жиын қатысушылары өңірдегі ескірген атауларды жаңарту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әкімдіктердің бірқатар ұсынысын мақұлдады. Ал талапқа сай келмейтін өтінімдер жан-жақты зерделену үшін кері қайтарылды.