«Қариялар – қазығы дәстүрімнің» атты аймақтық ақсақалдар форумы өтті

«Қариялар – қазығы дәстүрімнің» атты аймақтық ақсақалдар форумы өтті

Бүгін, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында "Қариялар – қазығы дәстүрімнің" тақырыбында аймақтық Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары ақсақалдарының форумы өтті.

Форум жұмысына Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбекұлы, белгілі жазушы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Смағұл Елубай, ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Марат Тоқашбаев т.б. зиялы қауым өкілдері мен имамдар қатысты.

Форумда сөз алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы Діни басқарманың игі бастамасына сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Басқосуда баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: "Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ.

Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған" дей келе, ел ағаларын жастар арасында дәстүрді көбірек дәріптеуге шақырды.

Мінберде сөз сөйлеген зиялы қуым өкілдері жұртшылықты бірлік пен игілікке үндеді.

Форумнан соң, Қонаев қаласынан бой көтергелі жатқан  жаңа мешіттің құрылысын ҚМДБ Төрағасымен құрметті азаматтар көзбен көріп қайтты.