Қонаев қаласында «Халық заңгері» акциясы өтті

Қонаев қаласында «Халық заңгері» акциясы өтті

Қонаев қаласының, 4 ықшамауданы, 64/1 учаскесі мекенжайында орналасқан City Plus сауда орталығында "Халық заңгері" атты республикалық акциясы өтіп, қарапайым қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды.

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды, заңдық тұрғыдан кеңес беруді мақсат еткен республикалық акцияға заңгерлер, адвокаттар және мемлекеттік органдардың 22 маманы қатысып, шағым айтушылардың барлық сұрағына жауап берді.

Атап айтқанда, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала әкімшілігі, салық, құқық қорғау, құрылыс, білім және адвокаттар мен заңгерлер әр-түрлі мәселелерді түйінін тарқатып, кеңес берді.

«Халық заңгері» республикалық акциясына қатысып, әділдік іздеген жандардың қарасы көп. Игілікті шараны ұйымдастырушылардың айтуынша өткен акцияға 80-ден астам адам жүгінген.

«Бұл науқанның мақсаты – халықтың көкейінде жүрген сұрақтардың шешімін тауып беру, заң тұрғысынан кеңес беру. Егер олардың проблемасы акция барысында шешілмесе, біздің заңгерлер науқан біткен соң істі аяғына дейін жеткізуге тырысады. Ол үшін көмек сұрап келген әр азаматтың аты-жөнін, телефонын тіркеп жазып отырмыз», – деді, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекинов.