Марат Сұлтанғазиев: "Педагогтардың жалақысы тағы 25% - ға артады"

Марат Сұлтанғазиев: "Педагогтардың жалақысы тағы 25% - ға артады"

Облыстық педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесінің пленарлық отырысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жалпы білім беретін мектептерде мұғалімдердің жетіспеушілігі жайын атап өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысты.

Бүгінгі таңда облыста педагогикалық бос орындар саны 467-ні құрайды. Бұл мәселені шешу үшін Марат Сұлтанғазиев аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына қажетті мамандарды нақты саралап, жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерді өз ауданына шақыру жұмысын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ, әкім өз сөзінде мемлекет тарапынан педагогтарды қорғаудың жалғыз жолы төрт жыл қатарынан еңбекақыларын 100 пайызға көтеру екенін, алдағы жылдың қаңтар айында тағы 25 пайызға артатынын атап өтті.

- Ұстаздар, сіздерсіз, білім беру саласының көмегінсіз  бірде-бір жетістікке жету мүмкін емес. Сондықтан ұстаздар қауымы әрдайым мемлекеттің басты назарында болады. Биылдан бастап республикада "Үздік педагогтарды ұстаздар тапшылығы бар өңірлерге тарту" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазір бұл бағдарлама жұмысы аяқталуға жақын. Жақсы нәтиже береді деп сенеміз, - деді облыс әкімі.

Мемлекетіміз сапалы білім беруге баса көңіл бөліп жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда ҰБТ-дан 75 балл жинамаған түлек педагогикалық мамандыққа түсе алмайды. Демек, алдағы жылдары мұғалімдер қатары шындығында білімді, білікті кадрлармен толыға түспек.