
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа басшысы Құлмұханбет Исаковты таныстырды. Жиынға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов қатысты.
Марат Елеусізұлы алдымен: «Мемлекеттік қайраткер Д. Қонаевтың есімін алған шаһарға қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы болып бекітілген. Біз осы жаңа шаһарда екі айдан аса жұмыс істеп келеміз. Мемлекеттік мекемелер Қонаев қаласына орналасты. Көптеген жүйелі мәселелер шешімін табуда», – деген облыс әкімі қызметке жаңа тағайындалған басшының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, құттықтады.
Сонымен бірге облыс әкімі жаңа қызметке тағайындалған басшының облыс экономикасымен жақсы таныс екенін, ендігі кезекте ұжыммен бірлесе отырып, аймақты өркендетуге күш салып, жұмыс атқаруға және жаңадан құрылған облысқа серпін беріп, қаланы дамытуға күш салу қажет екенін айтып, міндеттер жүктеді. Бұған қоса, инвестор тауып, инвестиция тартуға күш салудың маңыздылығы және оларға барынша жағдай жасап, тығыз қарым-қатынаста тіл табыса, жұмыс атқару қажет екені жан-жақты сөз етілді. Осы орайда, бүгінде жаңа облысқа қызығушылық танытып отырған инвесторлардың аз еместігін, осыны пайдаланып, олардың жұмыс істеуіне барынша мүмкіндік туғызу керек екені міндеттелді.
Бұдан кейінгі сөз Бақытжан Оразғалиұлына берілді. Ол қызметке жаңа тағайындалған Құлмұханбет Мырзахметұлының қызмет жолдарын таныстырып, оның тәжірибелі маман екенін айтты. Сонымен бірге жаңа міндеттер жүктеп, алда қызу жұмыс күтіп тұрғанын, облыс экономикасын көтеріп, осы бағытқа күш салу қажет екенін сөз етті.
Өз кезегінде Құлмұханбет Мырзахметұлы сөз сөйлеп, өзіне үлкен сенім артқан азаматтарға алғысын білдіре отырып, ендігі кезекте сол сенім үдесінен шығу бағытында адал қызмет атқаруға күш жұмсайтын жеткізді. Кездесуге қатысушылар да өз тілектерін айтып, жаңа басшының жұмысына табыс тілеп, өзіне жүктелген міндеттерді орындайтынына сенімдерін білдірді.