Алматы облысының әкімі Талғар ауданының тұрғындарымен кездесті

Алматы облысының әкімі Талғар ауданының тұрғындарымен кездесті

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданына жасаған жұмыс сапарында алдымен Жаңалық ауылына келді. Мұнда ауыл тұрғындары облыс басшысына көптен бері шешімін таппаған елді мекен сыртындағы жол мәселесін алға тартты. Сонымен бірге, бұл өңірде жаңбыр жауған кезде электр қуаты жиі сөніп қалады. Әкіммен кездесуде ауыл тұрғындары Жаңалық елді мекенін газдандыру жұмысы да баяу екенін, бұдан да өзге мәселе мен өтініштер ескерусіз қалып жатқанын айтты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкім сапарында белгілі болған бірінші мәселе – ауылға жаңа мектептің керектігі. Оған қоса мұнда ұялы байланыс пен интернет желісі әлсіз. Ал бұл цифрландыру дәуірінде тіптен кешірілмейтін жағдай.

Облыс әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-тілектерді, мәселелерді мұқият тыңдады. Келеңсіз жайттарды тез арада түзету үшін сала мамандарына нақты тапсырма берді. Облыс әкімі аталған кемшіліктерді жою бойынша кешенді жоспар жасалуы керектігін міндеттеді.

Ауылда қордаланған мәселе-ұсыныстарды дер кезінде шешу үшін шалажансар шаралармен құтылудың қажеті жоқ екенін шегелеп айтқан Марат Сұлтанғазиев «Айсұлу», «Шығыс», «Нұрай» және «Нұрай-2» шағынаудандарына да барып, тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесті. Аталған ауыл тұрғындары облыс әкімінен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектесуін, оның ішінде, суармалы су қорының тапшы екенін алға тартты.
Облыс әкімі кездесуде жердің сатылуына қатысты тексеріс жүргізген жөн екенін атап өтті. Өйткені, көптеген тұрғындардың қолында бірде-бір құжат жоқ. Олар үй салған жердің барлығы шаруа қожалықтарына тиесілі. Осыған байланысты Алматы облысының прокуроры Берік Адамов кешенді тексеріс жүргізетінін айтты.
Марат Елеусізұлының келесі тоқтаған елді мекені Дәулет ауылы болды. Мұнда ауыл тұрғындары, жергілікті белсенділер жаңа су желілері қажеттігін сөз етті. Әкім мектепті аралап көріп, уәкілетті органнан шешім алу үшін Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институтын тартуды тапсырды. Сондай-ақ, әкім 1 қыркүйекке дейін мердігердің жұмысын жеке өзі тексеретінін атап өтті.

Дәулет тұрғындарын экологиялық және санитарлық мәселелер толғандырады. Ауыл шетінде өсімдіктерді ұрықтандыру үшін сүйек ұнын өндіретін «Асанбек» шаруа қожалығы орналасқан. Алайда аталған қожалықтан қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығады. Оның бір себебі биологиялық қалдықтарды көму және кәдеге жарату ережелерінің сақталмауында жатыр. Жазда жағдай тіптен нашарлайды. Шірік иіске шыдау мүмкін емес. Осы келеңсіздікке облыс әкімінің назарын аударған белсенділер аталмыш кәсіпорын рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтінін айтты. Марат Сұлтанғазиев мәселені шешуге дереу прокуратура араласуы тиіс екенін еске салды.
Кездесуде белгілі болғанындай, Талғар ауданындағы және басқа да осыған ұқсас кәсіпорындар тиісті тексеруден өтетін болды. Қоршаған ортаны ластау, Экологиялық кодекс пен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлілер жазаланатыны айтылды.

Әкіммен кездесу ары қарай Қарабұлақ ауылында жалғасты. Мұндағы көпқабатты үйлердің бірінде өткен кездесуде кәріз, жылу желілерін күрделі жөндеу, елді мекенді абаттандыру мәселесі қозғалды. Бой көтергеніне 50 жылдан асқан тұрғын үй иелері құзырлы орындарға ұжымдық хат жолдағанымен ешқандай жауап жоқ екенін әңгімеледі.
Облыс әкімі мәселені шешуді бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа тапсырды. Ол азаматтарды алдағы жөндеу жұмыстарына дайындық биыл күзде басталатынын айтып сендірді.
Панфилов ауылындағы кездесуде де жоғарыда аталған ең өзекті әлеуметтік мәселелер көтерілді. Көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, газдандыру, интернет, Мәдениет үйін жаңалау, су мұнарасының жұмысын жолға қою, тозығы жеткен су құбыры мен электр желісін ауыстырып, арық-тоғандарды ретке келтіру сияқты ауқымды тақырыптар сөз болды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлуге қатысты наразылық мәселесі қозғалды. Бұл – облыс әкімдігі қолға алатын үлкен жұмыс. Барлық мәселелер бойынша Марат Сұлтанғазиев жеке бақылау жүргізетінін мәлімдеді.

Ал Қызылту ауылының тұрғындары үшін бүгінде ең ауыр мәселе – зират. Бүгінде ауыл маңындағы мазар толып кеткен. Мұның бір ғана шешімі бар, ол – мазар аумағын кеңейту немесе оған жаңа орын бөлу. Бұл мәселені кейінгі қалдыруға болмайды. Жиында зират аумағын кеңейту үшін шаруа қожалығының теңгерімінен 1,5 гектар жер бөлу туралы шешім қабылданды.

Алматы маңында үшауысымды мектеп мәселесі бұрыннан өте өзекті. Қызылтуда үш ауысымды мектеп мәселесін шешіп, үйлерді газдандыру, электр желілерін ретке келтіру керек. Сонымен бірге, 2019 жылғы Bek Air ұшағының апаты көптің көкейінде. Қайғылы оқиғаға байланысты барлық жер телімдерінің заң аясында берілуі, анық-қанығын зерттеу-зерделеу жұмыстары елдің назарында. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Алматы қаласы әуежайының маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы туралы» хаттамалық тапсырмасы негізінде облыс прокуратурасы мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, жұмыс тобын құрды. Нәтижесінде, Антикор қылмыстық іс қозғап, жауапты адамдар қамауға алынған еді. Талғар ауданы әкімдігінің өкілдеріне қатысты сот процесі жалғасуда. Бірақ сотталушылар апелляциялық шағым түсірген. Тұрғындар осы мәселеге де алаңдаулы екенін жеткізді.

Сапар соңында облыс әкімі аталған түйткілді мәселелер бойынша кешенді жұмыс жоспары құрылатынын, қазір Алматы облысының барлық ауылдық округтерінде, аудан, қалаларында проблемалық аймақтардың жұмыс картасы жасалып жатқанын айтты. Бұл құжатта барлық аймақтың проблемасы көрсетіледі.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі