Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Кездесуде тұрғындар негізінен инфрақұрылымды дамыту, жайылымдық жер және ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, газдандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу мәселелерін көтерді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысы өз баяндамасында осы жылдың бірінші жартыжылдығында ауылшаруашылығы 1,8, сауда 3,2 пайызға ұлғайып, өңір экономикасына 91 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтты. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі, жолдардың сапасына тоқталып, Панфилов ауданының облыс экономикасына қосар үлесін атап өтті.
– Аудан дәндік жүгері егу бойынша облыста бірінші орында. Жаркент крахмал-сірне зауыты жыл басынан 28,6 мың тонна өнім өндірді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 67%-ға жоғары. Өңірде 2 сүт-тауар фермасы және 9 бордақылау алаңы бар. Бірақ, ет өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру кәсіпорындары жоқ, – деген облыс басшысы жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі туралы да мәселені көтерді. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану бойынша тапсырма берді. Бейбіт Исабаев ауданға тартылған инвестиция, өнеркәсіп өндірісі, кәсіпкерлік, ауызсу, газ тарту, халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына жеке-жеке тоқталды. Әрі тұрғындар бұған дейінгі есептік кездесуде халық тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқанын тілге тиек етті. Ал, қалғанын аудан әкімдігіне бақылауда ұстап, орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Баяндамадан кейін, аудан тұрғындары облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Алғашқы сұрақ аудандық емханада медициналық жабдықтардың жетіспейтіні турасында болды. Сондықтан, науқастардың дені облыс орталығына баруға мәжбүр екен. Және де, Жаркент қаласының жаңа шағын ауданында интернеттің жоқтығы, базардағы жүйесіздік, мектептердегі жылу жүйесі сынды бірнеше сауал жолдады. Медициналық құрылғыларға байланысты жауап берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Жансеңгіров Жаркентте жабдықтардың 95 пайызы жұмыс істейтінін, қосымша тағы да қондырғылар сатып алынып жатқанын айтты. Аудан әкімі Марат Сағымбек болса, Н.Крупская атындағы орта мектебінде қазандықтың дұрыс салынбауына байланысты жылу жүйесі бойынша проблема болғанын жеткізді. Қазір бәрі ретке келтірілуде. Сондай-ақ екі мектепті газбен жылытуға ауыстырып жатқанын алға тартты. Бұл ретте, Бейбіт Өксікбайұлы барлық сұрақ хаттамаға толтырып, келесі жарты жылдықтағы кезесуде қаншалықты орындалғаны бақыланатынын айтты.
Ал, Еңбекші ауылының тұрғыны Жайлау Сағитов: «Біз аралда тұрғандаймыз. Жолдар жабық, ең құрығанда көпір салып берсе, мектепке баратын балаларға обал. Көшелеріміз қараңғы. Жарық орнатсаңыздар. Абай көшесіне жол салу керек. Содан кейін қазір газ тартып жатыр. Неге газ тарудың бағасы 350 мың теңге? Менің сұрайтыным осы мәселелерді шешіп берсеңіз?», – деді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Пешті былай алғанда, газ тартуға 350 мың деген көп. Өзге қалаларда 150 – 170 мың теңге шамасында. Олай болмауы керек. Анықтайық, барлық мүмкіндіктерді қарастырайық», – деп жауап берді. Басқа сұрақтар бойынша аудан әкімі Марат Сағымбек: «Суға байланысты жарық орнатпадық. Жарық тартатын болсақ, көшені қайта қазу керек болады. Оның жобасы бар. Ауылдың шетінде Тышқан деген үлкен өзен бар. Ондағы көпірдің жобасы жасалуда. Биыл емес, келесі жылы салынады», – деді.
Аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Мұратбек Әшімов те газ тартудың өте баяу жүріп жатқанын айтты. Бейбіт Өксікбайұлы бұл мәселені бақылуға алатынын жеткізді. Ал, осыдан 30 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген қандастарға Жаркент қаласындағы бұрынғы үйрек фермасы аумағынан үй берген екен. Алайда құжат бойынша үй солардікі, ал жер орман шаруашылығына тиесілі. Сондықтан, құжаттарын заңдастыра алмай отыр. Дәл осындай мәселе, бірінші кардонның тұрғындарын да мазалайды. Қызметтік үйлерін әлі күнге жекешелендірмеген. Бұл мәселелерге қатысты облыс әкімі тиісті сала башыларына тапсыра беріп, тікелей бақылауға алатынын жеткізді.
Жаркент қаласының тұрғыны Динара Құрбанова да газ тарту, жарық жүргізу мәселесін сөз етті. Газға қатысты сұрақтардың жиілеп кетуіне байланысты Бейбіт Өксікбайұлы: «Құрметті, аудан тұрғындары, газ мәселесін аудан әкімі шеше алатын мәселе емес. Бұл мәселемен облыс айналысады. Сондықтан әкімдіктің жанынан жұмыс тобын құрып, олар әр шағымданушының талап-тілегін тыңдап, барлық көшелерді арап шықсын. Сіздердің талап-тілектеріңіз орынды. Мен оған келісемін. Бірақ, оған да уақыт керек», – деді.
Кездесуде жалпы, 20 шақты адам өз сауалдарын қойып, тиісті жауабын алды. Оның басым көпшілігі, су қоймасы және қырман қажеттігі, жарық тарту, мектеп, амбулатория, мәденет үйін салу турасындағы сұрақтар болды. Сонымен қатар, облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелермен де қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Ұсыныс-тілектеріне құлақ асты.
Сонымен қатар, Бейбіт Исабаев Жаркент крахмал-сірне зауытының жұмысымен танысты. Қазір зауыт жылына 120 мың тонна жүгеріні 97 пайызға дейін тереңдетіп өңдеп, 28 түрлі өнім шығаруда. Кәсіпорынды кеңейту аясында 200 мың тоннаға дейін жүгері қабылдау жоспарда бар. Бұл ретте, облыс әкімі шаруаларды ынталандыру керектігін алға тартты. Сонымен қатар, Бейбіт Өксікбайұлы іргелес орналасқан, полипропилен қап шығаратын «Универсал» кәсіпорнында да болды. Онда жылына 50 млн. шамасында қап шығарылады. Зауыт бүгінде іркіліссіз жұмыс істеп тұр.
Жалпы, ауданда жүгері өсіру ісі тиісті жолға қойылған. Биыл 26 мың гектар алқапқа осы дақыл түрі егілді. Ал, «Ернар» шаруа қожалығының 70 гектарлық сорт сынау алаңында тұқымды жақсарту, өнімділікті арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі алдағы уақытта картоп тұқымын сұрыптау ісін қолға алуды да тапсырды.
Бейбіт Өксікбайұлы Көктал ауылындағы 1150 басқа арналған сүт-тауар фермасына да барды. Олар сүт өнімін Алматы қаласындағы «Фуд Мастер» ЖШС-ге өткізеді. Жыл басынан бері 496 млн. 800 мың теңгеге 2160 тонна сүт сатқан. Жалпы, 650 бас сиырдан орта есеппен күніне 13 тонна сүт өндіреді. Бұған қоса, жүгері өсірумен де айналысуда. Алдағы уақытта силостық жем дайындауды қолға алмақ.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы күрделі жөндеуді қажет ететін Н.Головацкий ауылдық мәдениет үйінің жай-күйімен және аудан орталығында салынатын 550 орындық мектептің жобасымен танысты. Сонымен қатар, бос тұрған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталғының бос тұрған ғимаратын көрді. Ауыл тұрғындары аталған нысанды балабақшаға беруді сұрап отыр. Бұл мәселелерге қатысты облыс басшысы тиімді жолдарын қарастырып, жуық арада нақты шешім қабылдауды тапсырды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.