Марат Сұлтанғазиев 2 ірі ауданның проблемаларын шешудің Жол картасын әзірлеуді тапсырды

Марат Сұлтанғазиев 2 ірі ауданның проблемаларын шешудің Жол картасын әзірлеуді тапсырды

Жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, есептілігін, жауаптылығын арттыру мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің алдына жыл бойы халықпен кездесіп, тұрғындарды мазалаған әлеуметтік мәселелерді шешу туралы міндеттер қойған болатын. Соған сәйке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бекітілген кестеге сәйкес Іле және Талғар аудандарының тұрғындарымен кездесті.

Алғашқы кездесу Іле ауданында болды. Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев Іле ауданының кәсіпкерлеріне «Бизнестің жол картасы» аясында 81,5 млн. теңге берілетінін айтты.
Іле ауданы облыс экономикасының негізгі драйвері саналады. Алайда сонымен бірге бұл ауданда бірқатар әлеуметтік мәселелер бар, ол туралы осы кездесуде аудан тұрғындары айтты. Ауданның басты міндетінің бірі – үш ауысымды мектептерді жою. Бүгінгі күні облыста осындай 54 мектеп болса, соның 20-сы Іле ауданында. Өңір басшысы осы өзекті мәселеге егжей-тегжейлі тоқталды.

Басқа да маңызды проблемалардың бірі - өнеркәсіп нысандарынан шығатын жағымсыз иіс ілеліктерге жайсыздық туғызуда. Соның кесірінен кейде тіпті тыныс алудың өзі қиындап кетеді.

- Сол жағымсыз иістен жөтелге душар болған жағдайлар да болды, - дейді жергілікті тұрғындар.
Соған байланысты өңір басшысы тиісті мамандарға мәселені зерттеп, келесі кездесуге дейін бір шешімін қарастыруды тапсырды.

Мұнан әрі кездесу Талғар ауданының тұрғындарымен өткізілді. Жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданының туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Мәселен, бұл аудан ҚР Туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басымдық берілетін ТОП-10 тізіміне енгізілген Алматы облысының тау кластеріне кіріп отыр.
Облыс әкімі әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталып, әрбір тұрғынның  сұрағын мұқият тыңдады. Бұл ретте талғарлықтар қордаланған өзекті мәселелерді көтеріп, белсенділік танытты. Қойылған саулдар негізінен жеке тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу, сумен, электрмен қамту, жұмысқа орналастыру, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысы болды.

Атап өтсек, Іле ауданында облыс басшылығының атына ортақ қоғамдық сипаттағы сауалдар түссе, Талғар ауданында азаматтар жеке өтініштерімен жүгінді.

Марат Сұлтанғазиев кездесу соңында көтерілген мәселелердің шешімі жеке бақылауында болатынын жеткізді. Сол сияқты Алматы облысының әкімі екі ауданның проблемаларын зерделей келе, оларды шешу үшін өз аппаратына әлеуметтік мәселелердің шешімі жөнінде Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.