Талдықорған қаласында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған митинг өтті. Шара І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жанындағы Жансүгіров ескерткішінің алдында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Ілияс Жансүгіровтің немере қарындасы Нұрпан Жансүгірова бастаған ресми қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті.
Мұнан соң филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ілиястану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Мұратбек Иманғазинов тарихи деректерді мысалға келтіре отырып, қуғын-сүргін зобалаңына қысқаша тоқталды. Сөзін І.Жансүгіровтің өмірімен байланыстыра сабақтады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт те өз сөзінде өткеннің ақтаңдақ беттерін еске алды, кеше мен бүгіннің жалғастығы жайлы айтты.
Бұдан соң облыс әкімі мешітте болып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына арнап құран бағыштады
Атап өтсек, бүгін осындай іс-шара Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында да өтуде. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты.
Жалпы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Президенттің 1997 жылғы 5 сәуірдегі № 3443 Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын осы күні зұлмат жылдардың құрбаны болған азаматтарды еске алу шаралары тұрақты ұйымастырылады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.