Алматы облысының жұртшылығы Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қойды

Алматы облысының жұртшылығы Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қойды

Алматы облысының тұрғындары Жеңістің 77 жылдығын кең көлемде атап өтуде. Мерекелік митингіге облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысып, көпшілікпен бірге етегінде Мәңгілік алауы жанған Даңқ обелискісін гүл шоқтарын қойды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Обелиск маңындағы алаңға ардагерлер, әскерилер мен қала тұрғындары жиналды. Олар Жеңіс құрметіне гүл шоқтарын қойып, ұрыс даласында мерт болған майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осы күні Қанат Бозымбаев соғыс ардагерлерінің үйіне барып, құрмет көрсетіп, құттықтады. Соғысқа қатысқан Қаңтарбай Сәрсенбай 1941 жылы 18 жасында армия қатарына алынды. Поляк жерін қорғап,  даңқты Бауыржан Момышұлының командирлігімен майдан даласында ұрысқа қатысты. Ол І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен наградталды.

Ардагерді құттықтаған Қанат Бозымбаев қарияның денсаулығы, көңіл күйі, отбасының жағдайы жайлы сұрап білді.

-  Қазір 99 жастамын. Бәріне шүкір, көңілім тоқ. Жақсы ғұмыр кештім. Соғыстан сау келдім. Мәскеудегі бірінші Жеңіс парадына қатыстым. Туған жеріме келіп, шаңырақ көтердім, жұмыс істедім. 25 немерем, 45 шөберем бар, шөпшек те сүйдім. Жақында бір немерем отау құрды. Ең бастысы бейбітшілікті қорғап қалдық. Осыны ұрпақ ұмытпай жүрсе болғаны. Жаңа Қазақстанымыз жасай берсін. Бізге үнемі қамқорлық көрсетіп келе жатқандарыңа көп рахмет, - деді майдангер.

Мұнан соң Қанат Бозымбаев тағы бір ардагер Төлеубай Шектібаевтың үйінде болды. Ол да Қаңтарбай қария секілді 18 жасында майданға аттанған. Бұл 1943 жыл болатын. Дайындықтан өткеннен кейін 1943-44 жылдары Амурдың маңайында қиыр Шығыс шекарасын қорғады. Венгриядағы Балатон өзеніне дейінгі жерді неміс басқыншыларын тазалауға қатысты. 1945 жылы 83 атқыштар дивизиясы құрамында жапон әскеріне тойтарыс берді. Харбин қаласын азат етуге қатысты. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Арнайы құттықтап келген облыс басшылығына Төлеубай Шектібаев батасын беріп, жас ұрпаққа бейбіт ғұмыр тіледі. Облыс әкімі:

-        Құрметті қариялар, мерекелеріңізбен тағы бір мәрте құттықтаймын! Бейбіт өмір сыйлағандарыңыз үшін рахмет. Біз үшін бейбітшіліктен асқан құндылық жоқ, - деді Қ. Бозымбаев.

Осы күні Жеңіс мерекесіне арналған концерт «Жастар» саябағында өтті. Мереке аясында өңірде түрлі форматта барлығы 2 мыңдай іс-шара ұйымдастырылды.

Атап өтсек, бүгінгі күні Алматы облысында 25 соғыс ардагері бар. Олардың әрқайсысына 1,5 млн. теңгеден бір реттік материалдық көмек берілді. Бұдан бөлек жыл басынан бері коммуналдық қызметтің өтемақысы ретінде облыстағы ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 4,5 млн. теңге бағытталды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.