
Бүгін Талдықорған жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері, 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескерткіш басында сөз алған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев кеше елордадан сүйінші хабар жеткенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді. Осыған орай, біртуар тұлғаның құрметіне арналған еске алу шарасы өткізіліп отырғанын атап өтті.
Сол сияқты бүгін Талдықорған қаласында арнайы ғылыми – практикалық конференция өткізіледі.
- Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеруі Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген қызметіне, қаланың негізін салушы ретіндегі ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз.
Бұл – тарихи әділдік. Есімі аңызға айналған ардақты тұлғаны халқы ешқашан ұмытпайды, - деді Қанат Бозымбаев.
Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Жыл басынан бері осы мерейлі датаға орай облыста атаулы іс-шаралар өтті.
Алдағы 8 мамырда Қонаев аталуына байланысты cол қалада зиялы қауымның қатысуымен мерекелік шара ұйымдастырылады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.