Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қант қызылшасының өндірісі туралы айтты

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қант қызылшасының өндірісі туралы айтты

Кеше Алматы облысына жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келді. Министр өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қазіргі жағдайымен, атап айтқанда қант өндірісінің бүгінгі ахуалымен танысты. Кездесу барысында ведомство басшысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндап, саланы тиімді дамыту үшін Қант өндіру тұжырымдамасы дайындалғанын айтты. Онда қант қызылшасын өсіретін өңірлердегі диқандардың ұсыныстары ескеріледі,  - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанат Есболатовтың айтуынша, жыл соңында өңірдегі АӨК жалпы өнімі 1060,7 млрд. теңге болады деп күтілуде, өсім деңгейі - 1,5%. Бұл ретте егістік көлемі 974 мың гектардан асты, соның ішінде қант қызылшасы – 6,2 мың га. Қант қызылшасын дамыту жоспарына сәйкес тәтті түбірдің алаңы жыл сайын ұлғайтылып, 2025 жылға қарай 11,2 мың га болады. Қант өндірісінің көлемі 175 мың тонна, елдің қантқа деген сұранысын 35% жабады. Қант қызылшадан да, қамыстан да өңделетін болады.

Еске салсақ, өткен жылдан бері Көксу қант зауыты қамыс қантын өндіретін желіні іске қосқан болатын. Биылғы жылдан бастап Ақсу қант зауыты да қамыс қантын шығаруға кіріспек. Бұл кәсіпорын жергілікті жердің өңделетін шикізаты қажетті көлемге жеткенше 2025 жылға дейін тек осы дақылға маманданатын болады. Осы мақсатта болашақта кәсіпорынға жергілікті диқандармен қатар тәтті түбір өсіруге жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Әзірге Көксу қант зауытының басшылығы шалғай аудандардан кәсіпорынға жеткізілетін шикізаттың тасымалы үшін шаруашылықтарды субсидиялайтын болады. Бүгінгі күні Ақсу қант зауытының өңдеу қуаты 550 мың тонна. Оның қайта жаңғыртуға 14,5 млрд. теңге инвестиция тартылды, ал Көксу қант зауытының жобалық қуаты – 250 мың тонна, оған инвестордың 4,5 млрд. теңге жеке қаражаты құйылған.

Қант стратегиялық маңызды өнім екенін ескере отырып, мемлекет диқандарға қажетті қолдау жалғастырмақ. Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев облыстың қызылша егетін шаруа қожалықтары өкілдерімен әңгімелесуі барысында Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қант өндіру тұжырымдамасы дайындалатынын айтты, соның ішінде қант қызылшасы да қарастырылады.

- Биылғы жылы АӨК дамытуға 309 млрд. теңге субсидия бағытталады. Қосымша қаржы бөлу қарастырылып жатыр. Қазір бізге қант өндірісін дамытуға не кедергі болып тұрғанын анықтау керек. Ауыспалы егісті, су ресурстарын, заманауи агротехнологияны дамыту мен енгізуді есепке ала отырып алқапты кеңейтудің нақты көрсеткіштерін есептеуіміз қажет. Ол үшін барлық бағытта жүйелі жұмыс істеп, саланы дамытуды қолға алуымыз керек. Осы сапарымның нәтижесі ретінде сіздердің ұсыныстарыңыз Қант өндіру тұжырымдамасын дайындау барысында ескерілетін болады, - деді министр.

Кездесуге қатысқан шаруалардың пікірінше, негізгі түйінді мәселе зауыттың шикізатты төмен бағада сатып алуында болып отыр. Шикізаттың қазіргі болжалды құнының 1 килограмына 27 теңге деп белгіленуі шаруаларды қанағаттандырмайды. Олар бұл бағаның 35 теңгеге дейін көтерілгенін қалайды, сонда ғана лайықты табыс тауып, техникаға да, замауни суару құралдарына да қаржы салуға болады, дегенмен бұл мәселені егіс науқаны басталғанға дейін шешкен жөн дейді олар.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, бұл проблеманы шешу үшін облыс әкімі Қанат Бозымбаев сәуірдің басында екі қант зауытының басшылығымен кездесуді жоспарлап отыр. Ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев осы кездесуге өзінің де қатысуға дайын екенін айтып, оған ірі шаруашылықтар ғана емес ұсақ шаруа қожалықтары иелерінің де қатысуы маңызды екенін жеткізді.

- Қант қызылшасы – маңызды дақыл, дегенмен өсіру қиын болғандықтан мол өнім алу оңай емес. Сондықтан шаруалар техникалық жарақтанып, табыс табуы үшін шикізатты сатып алу құнын дұрыс белгілеуіміз керек. Біз өз тарапымыздан тиісті қолдауларды көрсетеміз, - деді Е.Қарашөкеев.

Сол сияқты суару суының тарифі, суару каналдарын тазалау мен жаңғырту, ылғал сақтау технологиясын дамыту, ауыспалы егісті сақтау, техниканың дайындығы мәселелері де талқыланды.

Жалпы бүгінгі күні облыста 56 сервистік-дайындау орталығы бар, соның 29-ы қант қызылшасы бағытында құрылған. Жалпы мұндағы техника саны 1300-дей. Енді өңірде су шаруашылығы құрылып, суару каналдарын механикалық тазартумен айналысатын болады.

Тараптар барлық мәселелерді талқылап, өзара жүйелі жұмыс жүргізілгенде ғана тиісті нәтижеге қол жеткізуге болады деп түйіндеді.   

- Ішкі нарықты қантпен қамтуға мүмкіндігіміз жетеді. Мәселен, өткен жылы сұраныстың 42%-ін біз ішкі өндіріс есебінен толтырдық. Дүрлігуге биыл да ешқандай себеп жоқ. Қантпен қамту жағдайы бақылауда тұр. Бүгін қант өндірушілермен кездесуде біз саланың өзекті мәселелерін талқыладық, бұдан әрі де жергілікті атқарушы органмен бірге жоспарлы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, - деді Е.Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрі осы сапары барысында Ескелді ауданындағы «Хильничено и К» КС жұмысымен танысты. Серіктестік басшысы Александр Хильниченко шаруашылықтың бірнеше бағытта жұмыс істейтінін атап өтті:

- Біз айналысатын салалар бірін-бірі толықтырады. Жылына 3200 тонна ұн, 160 тонна макарон өнімдерін, 190 тонна жарма, 40 тонна жартылай дайын өнімдер, 15 тонна шұжық, сол сияқты нан өнімдерін шығарамыз. Біздің цехтарымыз шағын, өзіміз өсіретін өнім көлеміне лайықталған. Қысқаша айтқанда түйінделген өндірістік цикл. Қазір сүт өңдеуді ойластырып жатырмыз. Мысалы, өткен жылы 4500 тонна сүт өндірдік, әзірге оны толығымен «Фудмастер» компаниясына өткізіп отырмыз. Бізде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Қант қызылшасын өсірумен бұрыннан айналысамыз. Сондықтан бұл бағыттың дамуына біз де бейжай қарамаймыз. Мемлекет қолдау көрсетсе, саланы одан әрі дамытуға ат салысамыз, - деді ол.

Атап өтсек, Алматы облысының еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіндегі үлесі - 14%.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.