
Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылындағы Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 11 жасар оқушысы Асыл Мұрат комикстер балаларды оқуға ынталандырады деген пікірде. Ол өз пікірін тәжірибемен ұштастырып келеді. Биылғы жылы басталған «Оқитын мектеп» атты республикалық жоба шеңберінде Асыл балаларға арналған танымал шығармаларға комикстер салумен қатар, өз жанынан шығарған оқиғаларды да суреттер арқылы қызықты етіп беруге ат салысуда. Сөйтіп ол сыныптастарын иллюстрацияның көмегімен шығармаларды көптеп оқуға қызықтыруда, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, оқу процесінде комикстерді қолдану өте пайдалы, өйткені оқыған бейнелерді көру арқылы қабылдау мәтінді ойға сіңіруді 55% дейін арттырады.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Назгүл Сейтқожанова осындай тәсілге жүгінеді. Шәкірті, 6 сынып оқушысы Асыл Мұрат осы тақырыпқа қызығушылық танытып, сыныптастары мен кіші сыныптар үшін комикстер салып бастаған.
«Асыл - өте тыңғылықты, талапты бала. Көп оқиды, бәріне қызғушылық танытады. Асылдың комикстерге деген талпынысы 3 сыныптан байқалды. Сабақта инфографиканы меңгеріп, сурет түріндегі мәтіндер құруды үйреніп жатқанбыз. Бұл екі бағыт та иллюстрациямен байланысты, Асыл суретті жақсы салатындықтан оның қызығушылығы ерекше болды. Оның ең алғашқы үлкен жұмысы «Жалқау ара» ертегісіне салынды. Әрине, бұл кәсіби комикс емес, бірақ Асыл оны бар жан-тәнімен, жан-жақты ойластыра отырып салып шықты. Асылдың болашағы зор болатынына сенімдімін», - деді педагог.
Асылдың өзі сурет салуды бала кезден ұнатқанын айтады: «Қолыма қарындаш ұстай алған уақыттан бастап суретке құмартыппын. Балабақшада «Менің алғашқы суретім» конкурсында бірінші орын алдым. Мектепте бұл өнерді бұрынғыдан да жақсы көре түстім. Бастапқыда мультфильм кейіпкерлерін, кейін кітаптағы кейіпкерлерді салдым. Комикстің не екенін, оны қалай жасайтынын сабақта ұғындым, сосын суреттерді мәтіндермен толықтыратын болдым. Маған кітап оқыған, комикстер салған қатты ұнайды. Мұғалімім Назгүл Тілеуғабылқызы көмектеседі, ықыласпен түсіндіреді, менің бастамаларыма үнемі қолдау көрсетеді», - дейді талантты оқушы Асыл Мұрат.
Ол түрлі жарыстардан жүлделі оралып жүр. Мәселен, «Соғыс туралы өлеңдер» және «Пушкин оқулары» республикалық байқауларында 1, 2 орындарға ие болды. Асыл каникул кездерінде де демалмайды. Қазір ол әңгіме құрап, оған комикстер салумен айналысуда, осы еңбегімен «Сөздер фабрикасы» халықаралық байқауына қатыспақ. Сол сияқты Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасына да комикстер салуда.
Мектептің педагогикалық ұжымы сабақ барысында комикстерді пайдалану идеясын қолдап, оның дидактикалық материал ретіндегі тиімділігін айтуда:
- Асыл бұл жағынан бізге көмектесіп жүр. Қазақ тілі сабағына да осы әдісті қолданып жүрміз. Бұл балаларға ұнайды. Сабақ тақырыбына байланысты міндетті тапсырма болмаса да, қосымша ретінде пайдалы. Балалар шығарманы оқып әңгімелейді. Асыл мазмұнын суретпен береді. Қазір бұл іске сыныптастары да қосылды. Жалпы біз мектепте балалардың шығармашылық бастамаларын қолдауға, таланттарын шыңдауға барынша тырысамыз, - дейді мектеп директоры Әділжан Сыздықбаев.
Жалпы Ж.Сыдықов атындағы шағын орталығы бар мектеп оқушыларының түрлі жарыстардағы жетістіктері көп. Мысалы, педагог Назгүл Сейітқожанова өз шәкірттерінің облыстық, республикалық пән олимпиадаларының, Кіші ғылым академиясы ғылыми жобалары байқауларының, «Дарын», «Зерде» облыстық ғылыми жобалар байқауларының, «Пушкин оқулары» онлайн-байқауының, басқа да жарыстардың жеңімпаздары екенін мақтанышпен айтады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі