Жетісулықтар Наурызды қарсы алды

Жетісулықтар Наурызды қарсы алды

Наурыз мейрамы шеңберінде Алматы облысында 300-дей шара өткізілді, соның 146-сы – балаларға арналған шаралар. Негізгі шаралар Талдықорғанда өтіп, «Жастар» саябағы аумағында «Наурыз ауылы» киіз үйлер қалашығы тігілді. Мерекенің басты дәмі ретінде 2 мың литрдей наурыз көже қалалықтар мен қала қонақтарына таратылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл індетке байланысты енгізілген шектеу шараларының жеңілдетілуіне байланысты Наурыз мейрамын облыс тұрғындары кеңінен мерекелеуге мүмкіндік алды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Наурыз тойы бұлақтың көзін ашып, ағаш егуден басталды. Шараға облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.

Облыс көлемінде мерекеге арналған экологиялық акция аясында 10 мың тал отырғызу жоспарланған, соның мыңнан астамы Талдықорғанда отырғызылады. Жалпы биылғы жылы Жетісу өңірінде 200 мыңдай көшет егіледі.

«Жастар» Спорт сарайы мен саябағы аумағында түрлі көрмелер, қызықты байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері, ағаш ұсталары, суретшілер, басқа да өнер иелері өз шеберліктерін паш етті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері өз ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Әсіресе, «Түйе палуан» жарысы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Жарыстың шарты бойынша түйені көтеріп, басқалардан неғұрлым алға көп қадам жасаған адам түйені сыйға алады. Бұл жарыста талдықорғандық Ибрагим Берсанов өзгелерден басым түсті. Асық ойнау, тоғызқұмалақ, армрестлинг, қой көтеру, садақ ату, кір көтеру, қазақша күрес, арқан тарту – осы және басқа да жарыстардың жеңімпаздарына естелік сыйлықтар берілді.

Мерекеде халықтық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар көрсетілді. Бірнеше киіз үйді аралап көрген облыс әкімі Қ.Бозымбаев тұсаукесер рәсіміне, «Жетісу жауһарлары» кітаптарының презентациясына қатысты.

Ббұл күні балалар шығармашылығына да ерекше мән берілді. Балалар шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері «Наурыз бейнелері» көрмесін ұйымдастырды. Қаладағы кәсіби хореографтардың шеберлік сағаттарына, би флешмобына да жастар көбірек қызығушылық танытты.

Мерекенің қорытынды шарасы ретінде театрландырылған көрініс, Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамбль әртістерінің, басқа да өнерпаздардың қатысуымен концерт ұсынылды.

Наурыз мейрамы аясында облыста қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көп балалы отбасылардың балаларына20 мың киім жиынтығы, 560 аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік көмегі көрсетілді. Меценаттар мен «Харекет» қорының қолдауының арқасында наурыз айында 12 көп балалы, аз қамтылған отбасы жаңа баспанаға ие болды. Меценаттар тағы 5 пәтерді қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған полиция мен әскери қызметкерлердің отбасыларына алып берді. Жалпы кәсіпкерлер мен бизнесмендердің қолдауымен биылғы жылы облыста 15 көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланған.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.