Меценат қаңтар оқиғасында қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына пәтер кілттерін тапсырды. Мұндай игі іске «Хан Тенгри Development LTD» ЖШС бас директоры, кәсіпкер Виктор Ли мұрындық болды,- деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиналғандар алдымен қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерт болған азаматтардың жұбайлары мен туған-туыстарына көңіл айтқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев қызмет бабында қаза тапқандардың отбасыларына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барлық қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, өңірде күштік құрылымдардың қаза болған 8 қызметкеріне 5 млн. теңгеден материалдық көмек берілді, екінші деңгейлі банктер олардың жалпы сомасы 12 млн. теңге болатын несиелерін өшірді, ал бүгін демеушілер қаржысына отбасыларына пәтер сатып әперілді.
- Қаңтар оқиғасында адам шығыны орын алғанын бәріміз білеміз. Қайтыс болғандар ішінде құқық қорғаушылар да, әскерилер де, қарапайым азаматтар да бар. Бұл, әрине, ауыр жағдай. Қайғыларыңызды жеңілдете алмасақ та, қолымыздан келетіні – сіздерге барынша қолдау көрсету. Бұл орайда бізге кәсіпкерлер мен меценаттар үлкен көмек жасап отыр. Пәтер алып беру туралы бастама көтеріп, осы игі істі атқарған «Хан Тенгри Development LTD» ЖШС басшысы Ли Виктор Васильевичке зор алғыс айтамын. Жаңа шаңырақта балаларыңыз бақытты ғұмыр кешсін. Біз азаматтардың ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз, - деді Қанат Бозымбаев.
Алматы облысының ПД Жедел әрекет ету арнайы отрядының инспекторы Дархан Ермекұлы Барғанаевтың, ҚАЖД ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ербол Тілеубекұлы Ержановтың, Талдықорған қаласындағы №21751 әскери бөлімінің қызметкері Ғабдолла Ғалымұлы Смайылқановтың, №05232 әскери бөлімінің қызметкері Әділ Дулатұлы Нұркеновтің отбасыларына бір және екі бөлмелі пәтер кілттері тапсырылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.