Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен «Alina Group» компаниялар тобының жетекшісі Ерлік Балфанбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесу барысында қос тарап өңір экономикасын, соның ішінде инновация және құрылыс салаларын дамыту туралы мәселелерді бірлесіп талқылады. Меморандумда құрылыс материалдарын шығаратын екі жобаны іске асыру шаралары қарастырылған. Жобалар алдағы 5 жылға жоспарланып отыр, осы 5 жыл ішінде 2 жобаға 16,3 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады, 500-ден астам жұмыс орны ашылады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, компания Текелі қаласында мрамор ұнын шығаратын зауыт ашып, соның базасында құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар желісін құруды жоспарлап отыр.
Екінші кәсіпорын Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағында орналасады. Онда лак-бояулардың сан түрі мен автоклав газблоктары өндіріледі.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жаңа кәсіпорын Алматы және Талдықорған өңірлерінің экономикалық дамуындағы диспропорцияны азайтуға бағытталған маңызды нысандардың бірі болмақ. Қазір тағы бірнеше инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар облыс орталығы мен оған жақын аудандарда өндіріс ашуға ниетті. Бұл жаңа технологияларды қолданатын, экологияға зиянсыз кәсіпорындар болады.
Жаңа кәсіпорындар ашу арқылы туристік әлеуеті мол Текелі қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріледі. «Alina Group» компаниясы иелігіндегі «Oi-Qaragai Лесная сказка» жыл бойы жұмыс істейтін танымал ірі курорттардың бірі екенін ескерсек, бұл тәжірибе жаңа перспективаларға жол ашады.
Биылғы жылы Текелі қаласын газдандыру жұмыстары басталады. Сумен қамту жүйелерін жаңғырту сияқты маңызды проблемалар облыс әкімінің жіті бақылауында.
Alina Group компаниялар тобының негізін қалаушы Ерлік Балфанбаевтың айтуынша, әрлеу және құрылыс материалдарын өндірумен және сатумен айналысатын компаниялары нарығының отандық нарықтағы үлесі 60% шамасында, бұл ретте өнімдерінің 15%-і Ресейге және Орта Азия елдеріне экспортталады.
- 1999 жылы біздің компаниямыз құрылыс материалдарын шығара бастады. Қазіргі кезде 5 қала мен 3 облыста біздің өндірістік алаңдарымыз бар. Соның арқасында 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күні өндірістік қуатының аздық етуіне байланысты жаңа кәсіпорындар ашу, соның ішінде оңтүстік өңірлерде ашу қажеттілігі туып отыр. Сондықтан Алматы облысының басшысынан серіктестік байланыс туралы ұсыныс түскенде қуана қабылдадым. Біз әрдайым бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Туризмді дамытуды да назардан тыс қалдырмаймыз. Ұсынылып отырған мемлекеттік бағдарламалар бізге мол мүмкіндік беріп отыр. «Oi-Qaragai Лесная сказка» отбасылық курортының тау шаңғы трассасының ұзындығы шамамен 20 км болса, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда оның ұзындығы 60 шақырымға жетеді, - деді Е. Балфанбаев.
Кездесу соңында құрылыс және лак-бояу материалдарын шығару ісіндегі серіктестік байланыстар меморандуммен бекітіліп, құжатқа қол қойылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.