Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев 8 Наурыз мерекесіне орай әйел-аналарды қабылдады. Мерекелік шараға еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, әскери қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары, дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау қызметкерлері шақырылды. Кездесу Салтанат сарайындағы «дөңгелек үстел» басында өтті, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қанат Бозымбаев шақырылғандарға ізгі тілегін білдірді. Оның айтуынша, облыс тұрғындарының бір миллионнан астамы – әйелдер.
- Өз тәжірибемде, соның ішінде басшылық лауазымдарда болғанымда әйел азаматтардың жауапты да үздік мамандар екеніне көз жеткіздім. Олар кез келген қиын істі тинақты орындап, әр істі жанына салып атқарады, соның нәтижесінде барлық салада табысқа жетуде. Сіздердің Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңізді атап өткім келеді. Бүгінгі күні өңірдегі 125 мың шағын, орта бизнес нысандарында жұмыс істейтіндердің 35% немесе 43 мыңы - әйелдер. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ішінде әйелдердің үлесі - 30%, 17 әйел түрлі басшылық лауазымдарды атқаруда. 70 мыңнан астам әйел білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда еңбек етеді. Соған қарамастан сіздер шаңырақтың берекесін келтіріп, ер азаматтарға сенімді серік болып, ұрпақ тәрбиелеп, еліміздегі бейбіт өмірге, тыныштық пен тұрақтылыққа елеулі үлсе қосып келесіздер. Сіздер арқылы Жетісу өңірінің барша нәзік жанды арулары мен аналарын көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - деді облыс әкімі.
Кездесуге шақырылғандар да пікір білдіріп, тілектерін жеткізді.
Аты аңызға айналған тұлға, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова аналардың жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды:
- Жеті жылдық мектепті бітірген соң туған жерім Панфилов ауданындағы колхозда жұмыс істедім. Ешқандай жұмыстан бас тартқан жоқпын. Кейін оқып, трактор жүргіздім. Жұмыстың жаманы жоқ, ең бастысы өз ісіңе адал болсаң, абырой мен атақ та, сый мен құрмет те өзі келеді. Осыны жастардың біліп өскені жақсы, - деді ол.
Салтанатты шараға қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе қаласында өзінің әскери міндетін табандылықпен орындап, елжандылық көрсеткен Ұлан Мырзабайдың әжесі Шынар Бестаева да қатысты.
- Ұлан 5 жасынан менің тәрибемде болды. Күрделі кезеңде ержүректік танытқан сондай лайықты азамат тәрбиелегеніме ризамын. Оның әр жетістігін мақтан тұтамын. Ол бала күнінен мені қуанта білді. Бүгінгі қоғамда сондай жастар көп болса екен деймін, олар – біздің болашағымыз. Бүгінгі мерекемен барша нәзік жандарды құттықтаймын. Өздеріңізге мықты денсаулық тілеймін, ұрпақтарыңыз тәрбиелі болып, бақытты ғұмыр кешсін, - деді ол.
Сол сияқты мерекелік жылы лебіздерін білдіргендер қатарында облыста 2013 жылы «Үздік педагог» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, «Қазақстан мұғалімі - 2021» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанып, «Әлем мұғалімі» халықаралық байқауына қатысуға жолдама алған Сарқан ауданындағы № 1 гимназия мектебінің химия, биология пәндерінің мұғалімі Татьяна Станкевич те бар:
- Бүгін жас та болса іскер әйелдермен, көп балалы батыр аналармен танысып отырғаныма қуаныштымын. Біз, педагогтар баланың білімі мен тәрбиесі үшін зор жауапкершілік арқалап келеміз. Мұғалімдерге алаңсыз еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Білім саласына қамқорлық жасау арқылы балаларымыздың жарқын болашағына жол ашылуда. Жастардың сол үлкен өмір жолына нық қадам басуына ұстаз ретінде үлес қосып жүргенім - мен үшін үлкен мәртебе, - деді Т.Станкевич.
Талғар, Ақсу, Ұйғыр, Панфилов аудандары мен Текелі қаласынан келген 5 көп балалы анаға «Күміс алқа», «Алтын алқа» табысталды.
Мереке қонақтарына естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары ұсынылып, концерттік нөмірлер қойылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.