
Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінде брифинг өткізді. Брифингіге жиырмадан астам БАҚ-тың өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Брифинг барысында облыс басшысы өңірдің жыл басынан бергі даму қорытындылары туралы қысқаша баяндап, басымдық берілетін салалар жайлы айтып берді. Журналистер барлығы 29 сұрақ қойды. Сұрақтар негізінен қаңтар оқиғасындағы жағдайлар, атом электр стансасының құрылысы, қант қызылшасы мен құс фабрикаларын қолдау шаралары, елді мекендерді мал жайылымымен қамту, өңдеу өнеркәсіптерін жандандыру, үш ауысымды мектептерді жою, бюджеттің ашықтығы, жұмыссыздықты азайту, табиғи газға қосылу құнын реттеу, Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауын дамыту, оңтайландыру кезінде біріктірілген Үйгентас, Қапал, Шелек аудандарының қайта бөліну мүмкіндігі бар ма деген сұрақтар төңірегінде қойылды.
Қанат Бозымбаев журналистердің белсенділігі үшін ризашылығын білдіріп, сұрақтардың барлығына толыққанды жауап берді:
- Қазіргі кезде ең бастысы – көктемгі егіспен айналысу. Бұл жұмыстарды тиісті деңгейде өткізуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарым жаңадан тағайындалды. Ол тәжірибесі мол басшы, қазір жұмысына кірісті. Екінші маңызды бағыт – инвесторлар мен меценаттарды тарту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Бірнеше ірі бизнесмен өз есебінен Талдықорған қаласында және облыстың басқа да өңірлерінде халықтың әлеуметтік әлжауаз топтарына көп пәтерлі тұрғын үйлер салып беруге дайын. Тағы бір меценат тұрғын үйден басқа 5 спорт кешенін салуға ниетті. Бұл бастамалар халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесін шешуге оң ықпал етеді. Жалпы қаржыландырудың түрлі көздерін қарастыра отырып, өңірдегі тұрғын үй құрылысының көлемін 3 есеге ұлғайтуымыз керек. Әйтпесе үй кезегі жылжымайды. Әрине, ең бастысы қоғамдағы тұрақтылық, жаңа жұмыс орындарын ашу. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарағанда ғана жұмыс нәтижелі болады, - деді Қанат Бозымбаев.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.