
Алматы облысында кен өндіретін «Жетісу Вольфрамы» кәсіпорны жергілікті колледждердің бірінің базасында арнайы мамандарды даярлап, жұмысқа тартады. Бұл туралы бүгін Талдықорғандағы брифинг барысында «Заң» газеті тілшісінің аталмыш кәсіпорын жұмысына қатысты қойған сұрағына жауап берген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Брифинг барысында журналист «Вольфрам өндіретін кәсіпорынға жергілікті тұрғындар қара жұмысқа ғана тартыла ма, әлде жастарды оқытып, белгілі бір маман ретінде жұмысқа тарту жоспарда бар ма?» - деген сауалын қойған болатын.
- Қазақстанда вольфрамды пайдаланатын зауыт әзірге жоқ десе де болады. Қазір біздің өңірде сингапурлық компания осы бағытта жұмыс істеуге дайындық жасап жатыр. Орташа шамадағы тау-кен байыту комбинаты салынады. Оған керекті маман біздің өңірде әзірге жоқ, сондықтан инвесторлар еліміздің шығысынан, солтүстік аймақтардан маман тартатын шығар. Бірақ осы кәсіпорынның біз бір колледжбен дуалды оқыту жүйесі арқылы байланысын нығайтамыз. Сол колледжде комбинатқа арнайы мамандар даярланатын болады. Жалпы колледждер жергілікті өндіріс орындарымен тығыз байланыста болуы керек. Тәжірибелі инвесторлар мұндай оқыту базасын өздері де керек етеді», – деді Қанат Бозымбаев.
Еске салсақ, Бұғыты кен орнында инвестиция көлемі 94,5 млрд.теңге болатын, 400 адамға жұмыс беретін қуаты 3,3 млн. тонналық «Жетісу Вольфрамы» ЖШС вольфрам кенін өндіретін комбинат ашылмақ.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.