
Мұнан соң Амандық Баталов аудан активімен жиын өткізді.
- Бүгін өңірдегі кадрлық өзгерістерге қатысты Панфилов ауданына арнайы келіп отырмын. Темірлан Бектасов аз уақыттың ішінде нәтижелі жұмыс істеді. Темірландай кадрдың іскерлік қабілеті облыс әкімінің аппаратына жетекшілік етуге қажет болғандықтан, облыс орталығына алып, Талғат Өмірәлиевтей білікті азаматты осы өңірге әкеліп отырмын. Панфилов – шекаралық аудан. Ұлы Жібек Жолының шығыс қақпасы саналады. Даму мүмкіндігі, алдағы перспективасы зор өңір. Елбасының тікелей қолдауымен бұл ауданның дамуына зор ықпал ететін ауқымды жұмыстар жасалды. «Жетіген-Қорғас» жолы төселді, «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағы, «Қорғас» ХШЫО, Алтынкөл стансасы салынып, жұмыс істеуде, инфрақұрылым жақсартылып, инвестиция тартылуда. Бұл бағытта жаңа Президенттің қойып отырған талабы да зор. Сондықтан бұл ауданды басқаруға тәжірибесі мол, іскерлігі мығым азамат қажет болғандықтан Талғат Өмірәлиевке зор міндет жүктеледі. Ел азаматтарымен кеңесіп, көпшіліктің пікірімен санасып, халықтың ішінде жүру керек. Осындай жауапты жұмыста ел сенімінен шығып, жақсы жұмыс істейді деп сенемін, - деді А. Баталов.
Бұдан соң Т. Бектасов пен Т. Өмірәлиев те кезекпен сөз алып, ризашылықтарын жеткізіп, сенім үдесінен шығуға уәде берді.
Осы жиында Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Тасқан Жапарқұл және басқа да азаматтар Т. Бектасовқа ақ жол, жаңа келген әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, қай істі де бірлесіп атқарысуға әзір екендіктерін айтты.
ТАҒАЙЫНДАУ
Алматы облысы әкімінің өкімімен Талғат Әбенұлы Өмірәлиев Панфилов ауданының әкімі болып тағайындалды.
Талғат Әбенұлы Өмірәлиев
1961 жылы туған. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы облысы Қаскелең ауданы Ақсай ауылында «Ақсай» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты химпунктінің шебер-реттеушісі болып бастаған.
Әр жылдарда «Жетісу» кеңшарының бас инженер-механигі, аға инженер-бақылаушысы, «Шамалған» кеңшарының бас инженері, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, «Дружба» кеңшарының директоры, «Достық» ассоциациясы басқармасының төрағасы, Қаскелең ауданы әкімінің орынбасары, Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Сарқан, Талғар аудандарының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарды.
2017 жылдың шілдесінен – Алматы облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Темірлан Амангелдіұлы Бектасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Панфилов ауданының әкімі қызметінен босатылды.