
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді маңызды мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
30 тамыз – әрбір қазақстандықтың өміріндегі ерекше күн! Себебі 1995 жылдың осы мерзімінде еліміздің Негізгі заңы қабылданып, демократиялық қоғамның қалыптасуына, мемлекетіміздің қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін құқықтық іргетас қаланды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата Заңымыз туралы: «Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры» деп атап өткен болатын.
Тәуелсіз Қазақстанда Бас құжатымыздың талаптары аясында әр адам өзін жеке тұлға ретінде дамытуға, еркін білім алуға, қалауынша еңбек етуге, кәсіппен айналысуға – жалпы әр азаматтың өз қажеттіліктеріне қол жеткізуіне мүмкіндік берілген. Сондықтан да Конституция заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, құқықтық қоғамның дамуына, адами капиталдың сапасын арттыруға жол сілтейтін темірқазық іспетті.
Татулық пен тұрақтылықтың, халық игілігін көздейтін экономикалық даму мен патриотизмнің принциптеріне негізделген Ата Заң еліміздің сенімді символы, қол жеткізген биік белестеріміздің, болашақтағы жетістіктеріміздің мызғымас түпқазығы бола бермек.
Құрметті жерлестер!
Ата Заңға арқа сүйей отырып, біз өз өмірімізде батыл бастамалар жасап, маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Бұдан былай да туған өлкемізді өркендету жолында күш-жігерімізді біріктіре отырып, жарқын жеңістерге, жаңа жетістіктерге жететінімізге сенемін.
Жетісулықтарды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге жеміс, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін!