«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалында партиялық қайта жаңғырту мәселесі талқыланды

«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалында партиялық қайта жаңғырту мәселесі талқыланды

Кеңесті ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық партияның Саяси кеңесі отырысында берген тапсырмаларын қысқаша еске сала отырып:

 

- Облыстық филиал қатарында 113 мыңдай адам бар. Біз солардың арасынан реформалардың жетекшісі мен генераторы бола алатын, Елбасы айтқандай партияның «ядролық» мүшелерін тартуымыз керек. Олардың жұмысының маңызды тармағы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс, - дей келе, сөзді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевқа берді.

 

Негізгі баяндаманы оқыған Ғ.Сарыбаев филиалдың атқарған жұмыстарына, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысына тоқталды.

 

Баяндамашының айтуынша, партияның қоғамдық қабылдауына бүгінге дейін 5543 өтініш келіп түскен. Олардың көпшілігі әлеуметтік сала тақырыбын қамтыған. Соның 1173-і оң шешімін тапты, 1458-іне кеңес берілді, қалған 2912 өтініш «Е-құжатайналымы» арқылы жазбаша тіркелді.

 

Мұнан соң Талдықорған қалалық көпсалалы аурухананың директоры Сәуле Құсмолданова сөз алып, Елбасы Н. Назарбаевтың жұмыс барысында жасанды интеллектіні қолдану туралы тапсырмасын орындауда денсаулық саласындағы цифрландыру ісінің маңызы зор екенін атап өтті. Соның ішінде аурухана базасында ашылған Ахуалдық орталық жұмысының нәтижесінде қазіргі кезде онкологиялық сыртқаттарды ерте бастан анықтау көрсеткіші облыста жоғары деңгейге жеткен. Оған қоса саланың материалдық-техникалық базасын нығатудың өзге де шаралары халық денсаулығын жақсартуға, медициналық қызмет сапасын көтеруге оң ықпал етіп отыр. Осы орайда облыс әкімі А. Баталов аурухана базасында заманауи офтальмологиялық орталық ашу мүмкіндіктерін қарастыруды сала басшыларына тапсырды.

 

Жарыссөзге шыққан Талғар ауданының «КазАгроСтандарт» ЖШС директоры, «Панфилов» БПҰ төрағасы Сұлтан Нұрдәулетов жастарды қолдау мақсатында Талғар агробизнес және менеджмент колледжімен өзара байланыс орнатқаны туралы айтты. Аталған оқу орнының студенттері серіктестікте тәжірибеден өтеді, биылғы жылы осы колледждің 3 түлегі осы нысанға жұмысқа алынған. Ол Елбасының жастарды қолдау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жүктеген міндеттерін ризашылықпен орындайтынын жеткізді.

 

Сол сияқты Ақсу аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күлайхан Дәулетбекова, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов та ортаға шығып, ойларын ортаға салды.

 

Жарыссөзге шыққандардың пікірлерін тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов партияның беделін көтеру және халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу партияның әр мүшесінің нақты міндеті екенін атап өтті. Сол басым бағыттардың бірі – әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау.

 

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, өткен кезеңде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына сәйкес өңірде аталған көмекті алатындар қатары 55 мыңнан 220 мың адамға өскен. Осыған байланысты облыстық бюджеттен қосымша 23 млрд. теңге бөлінді. Дегенмен кірісін жасырған 6 500-дей отбасы анықталып, оларға аталған көмек беру қазіргі кезде тоқтатылған. Бюджетке 127 млн. теңге қайтарылуы тиіс.

 

Облыс әкімі өз сөзінде өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында дайындалған Әлеуметтік картада аталған санаттағы отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен қамту, жазғы демалысын ұйымдастыру, жоғары оқу орындарына грант бөлу, көп балалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі, баспана мәселесін шешу және т.б. шаралар қарастырылғанын атап өтті.

 

Бұл орайда мемлекет қолдауының арқасында жұмысқа орналасуға, жеке кәсібін ашу үшін шағын ниеслер алуға мүмкіндік көп екенін алға тартты. Алматы облысының ірі аграрлық аймақ екенін ескерсек, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да зор көңіл бөлініп келеді.

 

- Жермен жұмыс істегісі келген әрбір адам қаржылай көмек ала алады. Оларға түрлі субсидиялар, жеңілдікпен берілетін шағын несиелер, қайтарымсыз гранттар беріледі. Мәселен, соңғы екі жылда 1800 ауылдық кәсіпкерге 10 млрд. теңгеден астам шағын несие берілген. Осы шағын несиелердің арқасында облыс тұрғындары 60 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алған. 71 сүт-тауарлы ферма мен 99 мал бордақылау алаңы құрылды. Жалпы ауыл шаруашылығын қолдауға биылғы жылы облыста 42 млрд. теңге бөлінді, соның 33 млрд. теңгесі – субсидия. Мұндай шаралар әр адамның өзін, өз отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады, - деді А. Баталов.

 

Партиялықтардың алдына сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мәселесі қойылды. Сол сияқты ақпараттық стратегияны толығымен өзгерту қажеттігі айтылды.

 

- Елбасы керекті алғы шарттарды белгілеп, нақты тапсырмалар берді. Сол міндеттерді жүзеге асыру ауқымды істерді талап етеді. Осы жолда күш-жігерімізді біріктіріп, нәтижелі жұмыс жасауымыз қажет. Бұл шаралардың барлығы негізгі мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын көтеруге, ең алдымен бүгінгі күні басым бағыт болып отырған әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді,- деді сөзінің қорытындысында А. Баталов.

 

Кеңес соңында қаралған мәселе бойынша дайындалған қаулы бірауыздан қабылданды. Атап өтсек, әзірленген қаулыға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаевтың ұсынысымен жергілікті жерлерде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жұмысын күшейту туралы бір тармақ қосылды.