Облыста 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы талқыланды

Облыста 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы талқыланды

Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығымен бірлесіп өткізілген жиында 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманың жобасы талқыланды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ж.Жұмабаев баяндама жасап, Тұжырымдама жобасының негізгі мазмұнына тоқталып өтті, сол сияқты жобаны талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде дайындалған Тұжырымдама сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруде маңызды бағытқа ие екенін айтты. Сол сияқты ол өңір кәсіпкерлеріне көрсетілген мемлекеттік қолдауларға тоқталып өтті. Мәселен, өткен жылы бұл мақсатқа 21 млрд. теңге бөлінген, 3 мыңнан астам кәсіпкер қаржыландырылды, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бәрімізге қатысты. Бұл – маңызды құжат. Ол мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының және бизнес қауымдастықтың өзара қарым-қатынасын реттейтін болады. Бұл ретте қос тараптың да жауапкершілігі арта түседі. Облыс осы бағдарламаға сәйкес жұмыс істейтін болады. Әзірге Тұжырымдама жоба түрінде, оны талқылауға және нақты ұсыныстар енгізуге өңірдегі барлық кәсіпкерлердің белсенді қатысқаны маңызды. Сосын ұсыныстардың бәрі жинақталып, тиісті құрылымдарға жіберіледі, - деді Қ.Бозымбаев.

Талқылау барысында өңір бизнесмендері агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялау тәртібі, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету, соның ішінде қазақстандық мазмұнды ұлғайту жайында өз пікір-ұсыныстарын білдірді.

Кездесуді қорытындылаған Қанат Бозымбаев Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Ауыл шаруашылығы басқармасына Өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Тұжырымдама жобасын талқылап, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өз ұсыныстарын енгізуді тапсырды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.