
Бүгін Алматы облыстық мәлихатының кезекті ХІІ сессиясында депутаттар 2022 жылдың бюджетін 857,3 млрд. теңге көлемінде бекітті. Бұл соманың 390 млрд. теңгесі – облыстың жеке кірісі, яғни 2021 жылғы бекітілген бюджетке қарағанда 25% өсім бар. Былтырғы жылдардағыдай әлеуметтік салаға берілетін басымдық сақталып, оған бюджеттің 62%-і бағытталады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар 534,6 млрд. теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30% артық.
Мәселен, білім саласына 433 млрд. теңге бағытталады. 2022 жылы 31 мектептің құрылысы жүргізілмек, соның 15-і үш ауысымды мектепті болдырмау мақсатында салынады. 45 білім нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тағы 6 мектеп күрделі жөнделеді.
Денсаулық сақтау саласындағы шығындар келесі жылы 22,5 млрд. теңгені құрамақ. 3 емхана, 6 ФАП және дәрігерлік амбулатория салынып, олардың құрылысына 5,3 млрд. теңге жұмсалады.
Халықты әлеуметтік қолдау және белгілі бір санаттағы мұқтаж азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту шараларына, сол сияқты жұмыспен қамту бағдарламаларын қаржыландыруға 49 млрд. теңге бөлінді.
Спорт, мәдениет салаларын дамытуға 30 млрд. теңге бағыттау жоспарланған. Балалардың үйірмелерде қатысуын жан басына қаржыландыру - басымдықтардың бірі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша спорттық және шығармашылық үйірмелерде 30 мыңдай бала қамтылады. Бұл мақсаттарға 4,4 млрд. теңге қаралып отыр.
Елді мекендердің мәселелерін кешенді түрде шешуге бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру шеңберінде 35 ауылды қамту жоспарланған. Бұл бағытта 41 жобаға 16,2 млрд. теңге бөлінуде.
Инфрақұрылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мәселен, жол жөндеу мен күтіп ұстау шараларына 54 млрд. теңге бағытталады. 1,1 мың шақырым жол жөнделіп, облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-ке жетіп, бұл өз кезегінде 147 елді мекенді қамтуға мүмкіндік береді.
Сапалы ауыз су мәселесін шешу ісі де жалғасады. Бұл мақсатқа 9,3 млрд. теңге бағытталып, 16 инвестициялық жоба іске асырылады. Мәселен, Қызылағаш суару желісінің құрылысына 7,9 млрд. теңге бөлінді, соның нәтижесінде суармалы жер көлемі 6,9 мың гектарға артады. Қажетті қаржы ауыл шаруашылығын субсидиялауға, тұрғын үйге, кәсіпкерлікті қолдауға, елді мекендерді абаттандыруға да қарастырылады.
Сессияда Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Жоспар 10 Ұлттық жобаның міндеттерімен, көрсеткіштерімен және жобаларымен үйлестірілген. Мұнда үш негізгі басымдық белгіленді. Біріншісі – «Халықтың әл-ауқатын арттыру», екінші – «Өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз аймақ», үшінші – «Қуатты экономика». Әр бағыт бойынша мақсаттар мен индикаторлар белгіленді. Жоспарда барлығы 13 мақсат пен 121 мақсатты индикатор бар. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешендегі жалпы өнім көлемін 2025 жылға дейін 1,6 трлн. теңгеге ұлғайтып, еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіру көзделіп отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемін 1,6 трлн. теңгеге жеткізу межеленген. Серпінді инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында 2025 жылға дейін облыс экономикасына 7 трлн. теңге инвестиция тартылады. Халықтың қолайлы өмір сүру жағдайын одан әрі жақсарту үшін 2025 жылға дейін 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 2,6 мың км инженерлік-коммуникациялық желілер жасалады. Жалпы облыстың тұрақты дамуы қамтамасыз етіліп, экономиканың жыл сайынғы өсімі 3-4% құрайды және 2025 жылға қарай өңірлік өнім 5,7 трлн. теңгеге өседі деп күтілуде.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.