Жуырда облыс әкімі Амандық Баталов бюджет қаржысын тиімді игеру, инвестиция тарту, жылыту маусымына дайындық, қант қызылшасын жинау науқаны және басқа да мәселелер бойынша жиын өткізді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында бірқатар аудандардағы құрылыс нысандарында жұмыс істеп жатқан кейбір компаниялар мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаржысын игеруде қиындық туғызып отырғаны айтылды. Бұл мәселе мердігер мекемелердің өзіне жүктелген міндеттерді мерзімінде орындамаудан туындап отыр. Облыс әкімі құрылыс саласына жетекшілік ететін бірінші орынбасарынан бастап барлық жауапты адамдардың тиісті құрылыс нысандарына бақылау жасауды босаңсытып алғанын айтты. Сол қатарда облыстық құрылыс басқармасы басшының және бірқатар аудан, қала әкімдерінің жұмысы да қатаң сынға алынды.
- Құрылыс жұмыстарында барлық қажетті арнайы техникасы бар, жұмыс күші жеткілікті мердігер ұйымдар жұмыс істеуі керек. Олар үйді тұрғындарға арнап, мектепті балаларға арнап салып жатыр, сондықтан халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстың сапасы ең бірінші орында тұруы тиіс. Құрылысты мерзімінде аяқтап, бөлінген бюджет қаржысын дер кезінде игеруі керек. Құрылыс саласына жетекшілік ететін орынбасарым, құрылыс басқармасының басшысы, аудан, қала әкімдері нысандардың қалай салынып жатқанын, қалай жөнделіп жатқанын тұрақты түрде қадағалауға міндетті. Өзекті мәселелер туындап жатса, дер кезінде тиісті шара қолдану керек. Кестеден кешігіп жатқан әрбір нысанды жекелей қарап, мәселені жіті бақылауға алыңдар. Барлық нысан мерзімінде, сапалы аяқталуы тиіс. Ал қаржыны игеруде қиындық туғызатын мердігер компанияларды жаңа конкурстарға қатыстырмау керек, - деді Амандық Баталов.
Мұндай компаниялар қатарында «ПМК-1», «Golden City», «Монолит» сияқты біраз серіктестіктер аталды.
Жалпы облыста өткен 10 айда экономиканың барлық салаларында өсім байқалды. Облыс әкімі осы қарқынды жылдың соңына дейін ұстап тұру керектігін айтты.
Мәселен, бүгінгі күні облыс экономикасына 536,9 млрд. теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі – 100,7%. Жоспардың 66% орындалды. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 811 млрд. теңге тарту жоспарланған. Осы тақырыпта баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың айтуынша, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Алакөл, Балқаш, Кеген, Ұйғыр аудандарында өсім бар. Өңірдің 6 ауданы мен Талдықорған, Текелі қалаларында кешеуілдеу байқалады.
- Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту әкімдердің күнделікті атқаратын жұмысы болуы керек. Сонда ғана іс өнімді болады. Бұл жағынан облыстың көрсеткіштері жақсы. Осы жұмыс қарқынын төмендетіп алмауымыз керек, - деді А. Баталов.
Қант қызылшасын жинау барысына тоқталған облыс әкімі Амандық Баталов Ақсу, Көксу қант зауыттарын тиісті шикізатпен қамтамасыз ету әрбір аудан, қала әкімінің міндеті екенін еске салды. Сапалы тұқым, қажетті техника сатып алынып берілген, енді өнім шығымын арттыруға жұмыс істеу керек деді әкім. Ол өз сөзінде заманауи агротехнология енгізуге де мән беру керектігін айтты.
Қазіргі кезде жылыту маусымын үзіліссіз өткізу - күн тәртібінде тұрған мәселе. Атап өтсек, көмір қоймаларында кезек болғанымен, өңірде көмір жетіспеушілігі жоқ. Қолдан жасалатын қарбаласқа жол бермеу мәселесі назарға алынды. Мәселен, Талдықорған қаласында сенбіде 9 вагон, жексенбіде тағы 10 вагон көмір жеткізілді.
Вакцина егу мәселесі де жиын барысында талқыланды. Талдықорғанға «Pfizer» вакцинасының 46 800 доза бірінші партиясы әкелінді. Барлығы 425 мың доза әкелінеді деп жоспарланып отыр. қазір ата-аналардың жазбаша рұқсатымен балалар мен жасөспірімдерге коронавируске қарсы вакцина егіле бастады.
Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов:
- Бүгін өзекті мәселелерді талқылау үшін жедел жиын өткізіп отырмын. Жыл аяқталуға жақын. Алдымызға қойған міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Ең бірінші халықтың әл-ауқатын көтеруге, экономикалық өсімге бағытталған жұмыстарға басымдық беруге тиіспіз. Аудан, қалаларға барлық қажетті көмек көрсетіліп отыр, енді тек ортақ нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстың сапалы атқарылуы назарда болсын, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.