
Алматы облысында дуальдік оқыту модуліне 34 колледж енгізілген. Бүгінгі күні жасалған келісімшарттардың негізінде олардың кәсіпорындармен байланысы нығайып келеді. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өткен тамыз педагогикалық кеңесінде белгілі болды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің айтуынша, әлемдегі ең тиімді саналатын дуальдік оқыту модулін енгізу өңірде жалғасын тауып, өткен жылы аталмыш басқарма мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесіп дуальдік оқытудың Жол картасын әзірлеген. Оған облыстағы 34 колледж кіріп, өңірдегі үш жүзге жуық кәсіпорынмен келісімшарттар жасалған.
Соның негізінде «Этакон», «Глазман», «Елкос» сияқты ЖШС-лар серіктес колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға демеушілік көрсетті.