
Алматы облысында жыл сайынғы «Жыл мұғалімі» облыстық конкурсының жеңімпазына жаңа автокөліктің кілті табыс етілді. Бұл атаққа Жамбыл ауданы Қарасу ауылындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Динара Бұхарбаева лайық деп танылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев қатысқан мұғалімдерге арналған салтанатты жиында белгілі болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ «Жыл мұғалімі - 2021» конкурсының республикалық кезеңінде жүйріктер қатарынан көрінген өңірдің бірқатар педагогтары да марапатталды. Атап айтқанда, Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы № 24 дарынды балаларға арналған лицейдің химия пәнінің мұғалімі Әмір Сәулетхан, Текелі қаласындағы № 6 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті мұғалімі Наталья Дегтярева, Көксу ауданы Қалқа Жапсарбаев атындағы мектеп-гимназияның математика мұғалімі Зарина Темірғали, Талдықорған жоғарғы политехникалық колледжінің оқытушысы Гүлнара Төкенова әрқайсысы жүлде қоры 2 млн. 917 мың теңге болатын ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Жыл мұғалімі» облыстық конкурсы жеңімпаздарының әрқайсына 890 мың теңгенің сертификаты берілді. Олардың арасында Алакөл ауданындағы Үшарал балалар шығармашылығы орталығының музыка және ән сабағының мұғалімі Әсия Уалиева, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы А.Малкеев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Тамара Ещанова, Жамбыл ауданындағы Мыңбаев орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Қалибек Сүлейбек, Панфилов ауданындағы Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Ақмарал Нұрбекова, Алматы облыстық инновациялық технологиялар колледжінің қызмет көрсету және тамақ саласы бойынша өндірістік оқыту шебері Мұқаш Иманжан бар.
Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Жанғанған Қайролла облыстағы үздік сынып жетекшісі атанды. «Үздік кәсіптік білім беретін ұйым» номинациясын Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі жеңіп алды. Марапат ретінде әр жеңімпазға І дәрежелі диплом мен 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Бас жүлде – автокөлікті «Жыл мұғалімі - 2021» облыстық конкурсының жеңімпазы Жамбыл ауданы Қарасу ауылындағы орта мектептің физика мұғалімі Динара Бұхарбаева жеңіп алды. Педагог кәсіби мерекемен әріптестерін құттықтап, өздеріне көрсетілген қолдаулар үшін ризашылық білдірді.
Сол сияқты жетісулық бірқатар педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасына, «Ы.Алтынсарин» медаліне, «Білім беру саласының Құрметті қызметкері» төсбелгісіне, ал Сатпаев атындағы атындағы орта мектептің орыс тілінің мұғалімі, Ақсу ауданының ардагер педагогы Ғалия Омарова «Еңбек ардагері» медаліне ие болды.
Салтанатты рәсімнен кейін Сарқан ауданы №1 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі, «Қазақстан мұғалімі - 2021» ұлттық сыйлығының алғашқы ондығына кіріп, «Әлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының іріктеу кезеңіне жолдама алған Татьяна Станкевич сөз алды. Ол жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, педагогтардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды үлесін атап өтті. Сол сияқты өздеріне артылған сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді.
Еске салсақ, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-мен бірлесіп жыл сайын «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығын ұйымдастырады. Биылғы жылы «Samruk-Kazyna Trust» осы жобаны іске асыру шеңберінде ауыл және шағын қалалар мұғалімдеріне арнап әлеуметтік жобалар үшін шағын гранттарға 30 конкурс өткізуді қолдады. Осы конкурсқа Алматы облысының ауылдарынан 10 педагог қатысты. Олардың әрқайсысы 1 млн. теңге көлемінде шағын гранттар ұтып алды. Бұл гранттар сол білім мекемелерінің дамуына жұмсалады.
Мерекелік шара облыстағы өнер ұжымдарының концертімен қорытындыланды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.