Алматы облысында өткен 8 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,4 процентті құрады. Өңір экономикасына 370 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 2,3 % құрады. Соның ішінде өңдеу секторы – 40,5 млрд. теңге немесе 124,5 %. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов облыстық мәслихаттың VIII сессиясында депутаттар алдында есеп беруі кезінде айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
А.Баталовтың айтуынша, өнеркәсіп өсімінің көлемі – 13,8%, ауыл шаруашылығында – 1,1%, саудада – 20,5%, құрылыста – 16,6%.
- Облыс экономикасын дамытудың локомативі болып табылатын өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жұмысы өз нәтижесін беруде. Мәселен, 8 айда осы саладағы өсім 14,8% болды. Соның ішінде азық-түлік өндірісі 13,5%-ке, сусындар – 11,8%-ке, жеңіл өнеркәсіп – 5,5%-ке, металл бұйымдарын өндіру – 5,2%-ке, электр құрылғыларын өндіру 1,6%-ке ұлғайған, - деді А.Баталов.
Сол сияқты ол іске асырылған және жоспарланған жобалар туралы да айтты. Жылдың соңына дейін Еңбекшіқазақ ауданында жылына 2,7 мың тонналық қуаты бар жеміс-көкөніс өнімдерін өндірумен және терең мұздатумен айналысатын «Frosco» кәсіпорыны, Іле ауданында жылына 6 мың тонна құрылыс материалдарын шығаратын «Алюгал» және 10 мың тонналық қуаттылықта темірбетон бұйымдарын өндіретін «Азия Темір ЛТД» зауыттары, сол сияқты жалпы қуаты 130,75 МВт болатын жаңартылған энергия көзінің 4 нысаны іске қосылуы тиіс.
Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды бағытының бірі – суармалы жерлерді қалпына келтіру. «Бұл бағыт әлі де кенжелеп келеді, жауапты тұлғалар жұмысты ширатуы керек», - деді ол. Жалпы облыс бойынша 137,8 мың га жерді қалпына келтіріп, 83,3 мың га жаңа жерлерді айналымға қосу жоспарланған. Биылғы жылы 14 мың га жерді қалпына келтіру үшін 6,3 млрд. теңгеге 21 ирригациялық нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде. Ислам Даму банкінің есебінен Ескелді және Ақсу аудандарының суару жүйелерін реконструкциялау жалғасып жатыр.
АӨК-ні одан әрі дамыту жоспарлары жайлы баяндаған Амандық Баталов қант қызылшасының алқабы ұлғаятынын айтты. Үкіметтің қолдауымен Ақсу қант зауытына дейін темір жол тарту жоспарланған. Бұл ретте ауыл шаруашылығын қолдауға биылғы жылы 50 млрд. теңге бөлінгенін атап өту керек, ал субсидияға 43 млрд. теңге қарастырылған.
Осы орайда өндірістік сүт өндіру мәселесінде жұмысты жетілдіре түсу қажет, әзірге оның көлемі 30%-тен аспайды. Қазіргі кезде облыстағы ет пен сүт өндірісінің көлемі 4% өскен. Өңірде 25,9 мың басқа арналған 83 тауарлы сүт фермасы, 72,5 мың басқа арналған 111 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Соның есебінен сүт зауыттарының жүктемесі 80%-тен 85%-ке, ет өңдеу кәсіпорындарындағы жүктеме 66%-тен 72%-ке өсті. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенде өңделген өнімнің экспорты өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22,3%-ке ұлғайып, 78 млн. АҚШ долларын құрады немесе АӨК-дегі экспорттың жалпы көлемінің 70%-і. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асқалы отыр.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен жеңілдетілген несие үшін биылғы жылы жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінген, ал жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгені құрайды. Соның 700 млн. теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға, 1 млрд. теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне жылдық пайызы 0,001% жеңілдетілген несиеге бағытталды. Тағы 1 млрд. теңгесі көкөністердің қажетті қорын сақтау үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне займ түрінде беріледі. Тұрақтандыру қоры 9 позиция бойынша қалыптастырылады деп жоспарланып отыр.
Амандық Баталов спорт, туризм салаларындағы жетістіктерге, шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, жол сапасын жақсарту, тұрғын үйлер құрылысы, газдандыру, сапалы ауыз сумен қамту туралы мәселелерге де тоқталды. Сол сияқты «Ауыл – ел бесігі» жобасының өңірде орындалу барысы жайлы айта келе, 48 ауылдық елді мекенде жалпы сомасы 18,4 млрд.теңгеге инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүріп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде 9 нысан іске қосылған, жыл соңына дейін тағы 40 жоба аяқталуы тиіс. Бұл ретте облыс әкімі жауапты тұлғаларға «Ауыл – ел бесігі» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып және күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салалар да назардан тыс қалған жоқ. Атап өтсек, облыста 8 айда 48 мың жұмыс орны ашылған, соның 25,9 мыңы – тұрақты жұмыс орны.
Сөзінің соңында депутаттармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтіп:
- Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары. Әрине, ол оңайлықпен келмейді, тынымсыз еңбектенудің жемісі. Алдымызға қойылған міндеттерді сапалы орындау үшін жылдың соңын да жақсы көрсеткіштермен аяқтауымыз керек. Үкімет бізге тиісті қолдау көрсетіп отыр. Бұдан әрі қарайғы жұмыстың нақты жоспарлары бар, басымдықтар белгіленді. Бұл ретте сіздер де, құрметті депутаттар, барынша қолдау көрсетесіздер деп сенемін. Өйткені біздің міндетіміз ортақ, мақсатымыз бір, ол – халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсарту. Бүгінгі кездесуді пайдаланып, сіздерге жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жұмыс атқарғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.