
Бүгін облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовтың қатысуымен өңірлік партия филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Онда Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау шеңберінде Жол картасын іске асырудың кезеңаралық нәтижелері талқыланды. 2021-2025 жылдарға арналған бұл Жол картасының 7 бағыты бойынша облыста 24 индикатор, 165 іс-шара белгіленген, оны іске асыруға 2,7 трлн. теңге бөлінген. Соның ішінде биылғы жылы 24 индикатор бойынша 113 іс-шараны іске асыруға 297,5 млрд. теңге қарастырылған, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Республикалық, облыстық, қалалық және аудандық Жол карталары шеңберінде жылдың басынан іске асырыла бастаған шаралар өңірді дамытудың барлық салаларын, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік және т.б. қамтиды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, қазіргі кезеңде 165 іс-шараның 10-ының орындалмай қалу қаупі бар.
10 тармақтың әрқайсысын жеке-жеке зерделеп шыққан Амандық Баталов әр бағыт бойынша өз орынбасарларына жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді.
- Барлық көрсеткіш орындалуы керек. Жол картасының әр тармағы бойынша менің орынбасарларым, аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма, департаменттердің басшылары бірлесіп жұмыс істеп, бюджет қаржысының игерілмеуіне жол бермеуі керек. Аудан, қала әкімдері әрбір нысанды күнделікті қадағалап отыруы тиіс. Мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр, сондықтан жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарау керек, - деді А.Баталов.
Аудандық Жол карталарының орындалу барысы туралы Ақсу, Панфилов, Еңбекшіқазақ және Сарқан аудандарының әкімдері хабарлама жасады. Есеп беру барысында олар әрбір тармақ бойынша тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті. Соның ішінде Панфилов ауданының басшылығына жұмысты ширата түсу тапсырылды.
Жиын қорытындысында өңір басшысы Жол картасының іске асырылуына жауапкершілікті арттыру керектігін қадап айтты. Амандық Баталов өз сөзінде Жол картасы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жоспар екенін еске салып, сондықтан оның әр тармағының сапалы жүзеге асырылуының маңызы зор екенін ескертті. «Партияның әрбір мүшесі жүйелі де белсенді жұмыс істеуі керек», - деді Алматы облысының әкімі.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.