Сарқан ауданының жеңіл атлеті ел чемпионы атанды

Сарқан ауданының жеңіл атлеті ел чемпионы атанды

Алматы облысы Сарқан ауданының тұрғыны 21 жасар Данияр Орманғали «Astana Marathon-2021» жүгіру марафонында алтын медальға ие болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл Халықаралық жарыс ҚР Чемпионатымен біріктіріле өткізілді. Спорттық додаға еліміздің 10 облысынан және Азия елдерінен 265 спортшы қатысқан. Соның ішінде 4 спортшы Алматы облысынан барды. Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметінше, олардың арасында сарқандық жеңіл атлетші Данияр Орманғали да бар. Ол 2 сағат 24 минутта 42 км қашықтықты жүгіріп өтіп, ҚР чемпиондық атағын және Азия чемпионатына жолдаманы жеңіп алды, сол сияқты халықаралық жарыстың 2 орын иегері атанды.

«Біз жарысқа үлкен жауапкершілікпен әзірлендік. Жүгірудің алғашқы шақырымдарында мен бар күшімді сарқып алмауға тырыстым, өйткені мәреге таяғанда күш-қуатымды толық салуым керек деп есептедім. Бұл - Азия ойындарының алдындағы басты жарыстардың бірі. Енді Азия біріншілігіне дайындықты бастаймыз. Әр спортшы сияқты жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің Туын желбіретуге менің де мүмкіндігім бар», - деді чемпион.

Өзінің жастығына қарамастан Данияр Орманғалидың бүгінге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Ол жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының 12 дүркін чемпионы.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.