Талдықорғанда COVID-19 індетімен күрес кезінде табандылық танытып, көзге көрінбейтін дұшпанмен мылтықсыз майданда ерлік көрсеткен медицина қызметкерлеріне арналған «Аяулы алақан» деп аталатын ескерткіш ашылды. Облыстық жұқпалы аурулар аураханасының аумағында ескерткіштің ашылу салтанаты Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысуына 20 жыл толуына орайластырып өткізілді. Аймақтың зиялы қауым өкілдері, медицина қауымдастығы қатысқан шараны облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп ашты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов:
– Дәрігерлердің ерлігі мен жанкештілігіне арналған ескерткішті алдымен Нұр-Сұлтан қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын. Содан кейін аймақтарда бұл бастама қолға алына бастады. Бізде өз кезегімізде медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылығымыз бен құрметімізді көрсетейік деп шештік, – деп ескерткіш идеясының қайдан шыққанын айтып берді. – Белгілі мүсінші Мирлан Әзмағамбетов екеуміз ойланып, жас ағаш – өмірдің белгісін мәпелеген дәрігерлердің жайылған қос алақаны үлгісіндегі ескерткіш жасауды ұйғардық. Міне, қала күніне орай облыстың барлық дәрігерлеріне арналған «Аяулы алақан» ескерткішін ашып отырмыз. Өйткені, пандемия кезінде күн демей, түн демей, айлар бойы отбасы, бала-шағасын көрмей жұмыс істеген дәрігерлер бүгінгі күні де Гиппократқа берген антына адалдық танытып, кәсіптік міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Себебі, жұқпалы дерт күн өткен сайын күшеймесе толастар емес. Сондықтан ескерткіш пандемия кезінде қаза тапқан және әлі де еңбектеніп жүрген медқызметкерлерге арналады.
Өз сөзінде мемлекеттік қолдаудың арқасында Алматы облысының денсаулық сақтау саласы лайықты деңгейде дамып отырғанын жеткізген облыс әкімі жұқпалы дертпен күреске 13,8 миллиард теңге бөлініп, медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету деңгейі 79-дан 89-пайызға дейін өскенін атап өтті. Қысқа уақыттың ішінде салынған заманауи үлгідегі жұқпалы аурулар ауруханасы ковид жұқтырған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында медицина қызметкерлердің жалақысы өсіп, тынымсыз еңбек еткен көптеген дәрігер «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
– Ең бастысы, баршаңызға мықты денсаулық және ауырып жатқандардың тез арада сауығып кетуін тілеймін. Жаңа скверге орнатылған бұл ескерткіш медицина қызметкерлеріне деген шынайы ризашылығымыздың белгісі болуына тілектеспіз. Сіздер азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін сақтауға бар күштеріңізді жұмсайсыздар. Жақында ғана өкпесі 100 пайызға қабынған науқасты емдеп шықтыңыздар. Мұндай жағдай көптеп кездеседі. Әрине, қызметтеріңіз өте күрделі, соған қарамастан қолдарыңыздар келгенді аянбай жасайсыздар. Соған орай бізде сіздерге қолдан келген көмегімізді аямаймыз, – деді салтанатты шараны қорытындылаған А.Баталов.
Жетісу жерінің дәрігерлерінің атынан сөз алған облыстық аурухананың анестезиолог-рениматолог дәрігері Ілияс Нүсіпәлиев:
– Көзге түспейтін дұшпан саналатын қауіпті вируспен күрес – өте қиын міндет. Соған қарамастан пандемия басталғаннан-ақ жерлестеріміздің денсаулығын сақтауға бар біліміміз бен білігімізді салуға тырыстық. Пандемияның таусылып, мына ескерткіш әріптестерімізге деген шынайы құрмет пен риясыз ықыластың мәңгілік белгісіндей болып қаларына сенемін. Өскелең ұрпақтың олардың өмір жолынан үлгі алады. Осындай қолдау көрсетіп, ықылас танытып отырған облыс басшылығына рахмет айтамын. Мықты денсаулық және бар жақсылықты тілеймін! – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Пандемия кезінде қайтыс болған Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігер Сертай Сағиевтың қызы, Алматы қалалық онкология ауруханасының онколог-дәрігері Мадина Сағиева өз кезегінде жұқпалы аурумен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дәрігерлер адам өмірін сақтау жолында қолынан келгеннің бәрін жасайды.
– Біз бүгін бір өте маңызды және ғажайып көрініс – медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына жиналып отырмыз. Бұл ескерткіш пандемия кезінде жан қиған асыл жандарды еске мәңгілік еске түсіріп тұратын болады. Біздің жүректеріміз оларды естен шығармайды. Ең қиыны бейбіт күнде жақыныңды жоғалту екен. Күллі әлемді пандемия жайлап, көзге түспейтін жаумен күрес басталған тұста қаза тапқан, аты алтын әріппен жазылар құрметті дәрігердің қызы ретінде бүгін сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет дер едім. Қазір ең маңыздысы – қол жеткенге тоғайып, тоқтау емес, күресті жалғастыру, бірлесе қимылдау. Бәріңізге мықты денсаулық және отбасыларыңызға барша жақсылықты тілеймін, – деді жас дәрігер М.Сағиева.
Таза қоладан құйылған «Аяулы алақан» ескерткіші аясына үйеңкі ағашын салған қос алақан кескінінде бейнеленіпті. Ұзындығы 3,8 метрге, биіктігі 2,8 метрге тең. Мәрмәр тасты бетіне: «COVID-19» коронавирусты инфекциямен күресте ерлік пен жанкештілік танытқан медицина қызметкерлеріне арналады» – деп жазылған. Ескерткіштің идеясы сәулетші Мирлан Әзмағамбетовке, облыс әкімі Амандық Баталовқа, сәулетшілер Любовь Нысанбаева мен Дәркен Нұржановқа тиесілі.
Бір ескере кететін нәрсе, пандемиямен күреске Алматы облысында 31 медициналық мекеме қатысқан. Оның төртеуі Талдықорған қаласында. Амбулаторлық және стационарлық деңгейде үш жарым мыңнан астам дәрігер науқастарды емдеуге қатысты. Оның ішінде 851 дәрігер және 2604 орта және кіші санатты медқызметкер бар. Пандемия басталғалы бері аймақта коронавирус пен пневмониядан 51 мыңнан астам адам емделіп шықты. Содан бастап медициналық сақтандыру қорының есебінен 18,9 миллиард теңге 7 мыңнан астам медицина қызметкеріне қосымша төленді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген 137 миллион теңге мыңнан астам медикке сыйақы ретінде берілді.
Алматы облыс әкімінің баспасөз қызметі