Конституция күніне орай Панфилов ауданында жаңа мектеп қолдануға берілді

Конституция күніне орай Панфилов ауданында жаңа мектеп қолдануға берілді

Конституция күніне орай Алматы облысында жаңа мектеп қолдануға берілді. Заманауи білім ошағы Панфилов ауданына қарасты Аққұдық ауылында ашылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан әкімдігінде хабарлағандай, қолданыстағы мектеп 2020 жылдың желтоқсан айында апатты деп танылған. 120 орынға арналған жаңа ғимарат құрылысын "Нұр-Шапағат Құрылыс" ЖШС жүргізді. 2 жылға кепілдікпен салынған білім ошағы барлық материалдық-техникалық жабдықпен қамтылған. Жалпы ауданы 2736,84 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 126 оқушыға 28 ұстаз сабақ береді.

Аудан әкімі Талғат Өмірәлиев жерлестерін Конституция күнімен құттықтай отырып, өңірдегі білім саласының дамуына тоқталды.

- Жыл сайын ауданды кезек-кезегімен 2-3 мектептен жаңартып отырмыз. Биылғы жылы ғана 2 жаңа мектеп салынуда. Кейбір білім ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа мектептің кілтін табыстау мерейлі мерекемен тұспа-тұс келді. Бұл - барлығымыз үшін қуанышты жаңалық. Жиналған қауымды Конституция күнімен және келе жатқан Білім күні мерекесімен құттықтаймын, - деп атап өтті аудан басшысы.

Өзінің әсерімен мектеп оқушылары да бөлісті. Содардың қатарында Заңғар Айтқожа да бар. Ол:

- Мектептің ескі ғимаратында спорт зал болмаған. Жаз айларында сыртта жаттығып жүрдік. Енді жаңа мектепте барлығы бар. Спортты серік еткен мен үшін бұл үлкен мүмкіндік. Өйткені бұл менің болашақта чемпион болуыма септігін тигізеді, - деп өзінің қуанышын жасыра алмады.

Айта кетерлігі, Панфилов ауданында шет елді мекендердегі мектептер де жаңалануда. Қазіргі уақытта екі нысанда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Яғни Басқұншы ауылындағы 300 орынды және Қорғас ауылындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары іске асуда. Сондай-ақ, облыс бюджетінен Кіші шыған ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасына қаражат бөлініп, конкурс жарияланды. Келесі жылы екі мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Аудан мектептерінде 27100 оқушы білім алады.

Еске салсақ, Алматы облысында биыл 33 мектеп салынуда. Биыл оның 9-ы және 1 қосымша ғимарат қолданысқа беріледі. Оның ішінде 1 қыркүйек күні Қарасай, Іле, Ескелді және Панфилов ауданында 6 жаңа мектептің кілті табысталады. Одан бөлек 3 жеке мектеп қолданысқа беріледі деп күтілуде. Оның 2-і Білім күні есігін айқара ашпақ.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі