
Алматы облысында осы кезеңде 1-сыныпқа қабылданған балалар саны 50 мыңға жуық адамға жетті. Жаңа оқу жылына болжам бойынша оқушылар саны 440 мыңға өседі. Бұл туралы онлайн-режимде өткен тамыз педконференциясы барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде жыл сайын оқушылар санының 20 мыңнан аса адамға өскені, бұл, әсіресе, демографиялық өсу мен ішкі көші-қонға байланысты Алматы қаласына жақын аудандарда байқалады. Үш ауысымды және бейімделген мектептер мәселесін шешу ерекше бақылауда.
Аталған мәселені сапалы шешу үшін 2025 жылға дейін облыс бойынша 85 мектеп салу жоспарлануда. Ағымдағы жылы барлығы 13 жаңа мектеп іске қосылады, сондай-ақ 3 жекеменшік мектеп өз жұмысын бастайды. Бұл ретте, Білім күніне орай, 6 жаңа мемлекеттік және 2 жекеменшік мектеп өз есігін айқара ашады.
Айта кету керек, биыл Алматы облысы білім саласының бюджеті 312 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд. теңгеге артық және облыс бюджетінің 40 пайызын құрайды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі