Алматы облысының диқандары 33 мың тоннадан астам күріш жинауды жоспарлауда

Алматы облысының диқандары 33 мың тоннадан астам күріш жинауды жоспарлауда

Алматы облысының Балқаш ауданындағы ауыл шаруашылығының басым бағыттарының бірі – күріш өсіру.  Биылғы жылы бұл дақыл ауданда 7,4 мың га жерге себілген. Ал облыс бойынша күріш алқабы 8,2 мың гектарды құрайды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Балқаш ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні ауданда 4 шаруа қожалығы күріш өсірумен айналысады. 7 арнайы цех жұмыс істейді. Мұндағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бірі – «Бірлік» агрофирмасы» ЖШС. Биылғы жылы шаруашылық 1114 гактар жерге күріш сепкен. Әр гектарынан 44 ц жоғары өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Қазіргі кезде күріш дақылы сүттеніп пісе бастады дейді мамандар.

«Бірлік» агрофирмасы» ЖШС директоры Алмас Қыстаубаевтың айтуынша, 2004 жылы кәсіпорынға халықаралық деңгейдегі агрономдар тарапынан өнімнің жоғары сапалы, экологиялық таза екенін растайтын сертификат берілген.

- Технопарктерімізді жаңарту, элиталық тұқым сорттарын сатып алу арқылы өнімділікті көтерсек деген ойдамыз. Осыған байланысты негізгі бағыт ретінде жердің де құнарлығын арттыруымыз керек. Жалпы өнім сапасын жақсартуға қол жеткізу тынымсыз еңбекті талап етеді. «Бақанастың күрішін-ай» деп тамсанған жандарды көргенде қуанып қаламын. Біз үшін  бұл – еңбегімізге берілген баға. Біздің күрішіміз облыстың, Алматы қаласының сауда сөрелерінде бар, - деді А.Қыстаубаев.

Атап өтсек, «Бірлік» агрофирмасы 2001 жылы құрылған. Шаруашылық күріштен басқа бидай мен жоңышқа өсірумен де айналысады. Биылғы жылы 1589 га жерге бидай себілген, орташа шығымы 155 ц/га құрады. Астық жинау аяқталып, дән қамбаға құйылған. Сонымен бірге серіктестік мал өсіреді. Мұнда 1000 бас жылқы, 3500 бас ірі қара, 4500 бас ұсақ мал бар.

Жалпы Балқаш ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 30 мың га жерге себілген. Күріштің орташа шығымы 43,4 ц/га болады деп күтілуде. Ауданда күріштің үш түрі – «Бақанас», «Регул», «Заря» атты сорттары өсіріледі.

Жетісу өңірінде күріш өсірумен Қаратал ауданы да айналысады. Мұндағы күріш алқабының алаңы 770 га. Облыс бойынша 8,2 мың га жерге күріш егілген. Биыл диқандар орташа шығымдылығы 40 ц/га өнім алып, 33,6 мың тонна күріш жинаймыз деп жоспарлап отыр. Оған өңірде барлық мүмкіндік бар. 4 сервистік дайындау орталығы құрылған. Оның 2-еуі Балқаш, тағы 2-еуі – Қаратал ауданында. Балқаш ауданының өзінде ғана жалпы сомасы 874 млн. теңгелік 11 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Жалпы «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ мәліметіне сәйкес Алматы облысында АӨК дамыту және шаруаларды қолдау мақсатында 53 СДО құрылып, құны 11,6 млрд. теңгеден асатын 1258 бірлік арнайы техника лизингіге алып берілген. Соның ішінде биылғы жылы картоп бағытындағы СДО Ескелді ауданында құрылып, 397 млн. теңге болатын ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.