Өткен жылы өңірде 480 тоннадан астам бал өндірілді

Өткен жылы өңірде 480 тоннадан астам бал өндірілді

Алматы облысында ара өсіру мен бал өндіру технологиясын дамыту ісі жалғасуда. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес өткен жылы аймақта 480 тоннадан астам бал өндірілген. Ара өсіретін шаруашылықтар Ақсу, Алакөл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Текелі қаласында шоғырланған. Соның ішінде өнімдері танымал брендке айналғаны – Алакөл ауданында орналасқан «Лепсі өнімдері» ЖШС.

Алакөл аудандық әкімдігінің дерегіне сүйенсек, «Лепсі өнімдері» ЖШС 2016 жылы ашылған. Негізгі қызметі - ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, соның ішінде бал өндіруге маманданған. Цехтың өндірістік қуаты жылына 300 тонна бал өнімдерін шығаруға жетеді. 16 жұмыс орны бар. Кәсіпорын отандық және шетелдік озық технологиямен жабдықталған. Бал құю мен орау процесі жартылай және толық автоматтандырылған. Дегенмен өнімнің пайдалы қасиеттерін, табиғи дәмі мен хош иісін саф қалпында сақтау үшін ол жылу өңдеуінен өткізілмейді. Биылғы жылдың бірінші жартысында кәсіпорын жалпы сомасы 24 млн. теңге болатын 3,5 тонна бал өндірген. Ал өткен жылы 57 млн. теңге сомасына 8 тонна пайдалы бал нарыққа шығарылған болатын. Лепсі балы Ресейде, Қытай, Түркия, Жапония, БАӘ елдерінде өтімді. Індетке дейін аталған елдерге экспортталатын. Қазіргі кезде сыртқы қорабы ерекше дизайнмен әзірленген Лепсі балы елордадағы «SNK CONSULT GROUP» ЖШС-ға жіберіледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі омарташылар көбінесе әр ұядан 20-30 кг дейін тауарлық бал алатынын айтады. Ал неғұрлым тәжірибесі мол омарташы одан 1,5-2 есеге дейін көп ала алады. Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша 2020 жылдың қорытындысында өңірде 483,0 тонна бал жиналған. Өндірілген табиғи бал сауда нүктелері арқылы халыққа жеткізіледі.

Өнімнің таяу және алыс шетелдердегі экспорттық әлеуеті артып келеді. Мәселен, 2020 жылы 14,8 тонна бал экспортқа шығарылса, 2021 жылдың 1 тамызында бұл көрсеткіш 8 тоннадан асып отыр.

Облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағында ара ұялары мен омарталарды орналастыру үшін биылғы жылдың бірінші жартысында жалпы алаңы 148,3 гектар болатын 49 орман билеті жазылып берілді. Барлығы 3551 ара ұясы орналастырылды. Бұл ретте ара шаруашылығымен айналысушы шаруаларға мемлекеттік қолдау жасау мақсатында 2020 жылы 42,5 млн.теңге көлемінде субсидия берілді, ал биылғы жылға 45 млн. теңге қарастырылған.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.