Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылында оқушылардың штаттық режимде оқитынын айтқан болатын. Осыған байланысты жиындарда облыс әкімі Амандық Баталов құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мектептердің 1 қыркүйекке дейін дайын болуы керектігін бірнеше рет қатаң тапсырды. Бұл ретте кеше облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Ескелді ауданына барып, ондағы білім нысандарында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен М.Байысов ауылындағы Т.Рүстембеков атындағы мектепте болды. Бұл мектеп 1976 жылы салынған. Біршама тозған нысанда өткен жылдың шілде айынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі күні құрылыс толығымен аяқталып, мектеп іске қосуға дайын.
Батыржан Кұлаймергенұлы мектепті аралап, кабинеттеріне, мәжіліс залына, зертханасына, 25 орындық шағын орталығына кіріп көрді. Облыс әкімінің орынбасары оқу процесінде аса маңызды рөл атқаратын интернеттің сапасы жайлы сұрады. Мектеп директоры Нұрсұлтан Мұқасановтың айтуынша, бұрын интернетте бір ғана нүкте болса, биылғы жылы білім нысанына талшықты-оптикалық желі қосылған. Соның арқасында барлық кабинетте интернет желісі бар. Сол сияқты Батыржан Байжұманов мектептің ауласын, спорт және балалар алаңдарын көрді.
Мұндағы күрделі жөндеуге көңілі толатынын айтып, «СП» NEFT» ЖШС мердігер компаниясының сапалы жұмысын, мектептің қайта салынғандай жаңарғанын атап өтті.
Мектеп ғимаратының ауласына плиткалар төселген, гүлзарлары көз тартады, дегенмен мектептің артқы жақ аумағының көгалдандыруы әлі де біраз еңбектенуді керек етеді. Б.Байжұманов бұл тұрғыда өз ескертуін айтты. Мектеп директоры жуық арада көгалдандыру ісін толық аяқтайтындарын жеткізді. Бірінші қыркүйекте оқушыларды қабылдауға толық дайын болып, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқу процесін бастауға барлық мүмкіндік бар деді ол.
Бұдан кейін Батыржан Байжұманов Абай ауылындағы 180 орынды жаңа мектептің құрылысымен танысты. Шағын орталығы бар бұл мектептің құрылысын «Талас-Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Мұндағы жұмыстар 95% аяқталған.
Нысандағы үлкен және кіші сыныптар мен шағын орталықтың аралықтары әкімшілік блоктармен бөлінген. Бұл қазіргідей індеттен сақтану шараларын қатаң сақтау кезінде қолайлылық туғызады. Ғимаратта толық көлемде гигиеналық орта қалыптастыру үшін инсоляция және жарықтандырудың қажетті деңгейі қамтамасыз етілген. Қазір бейнекамералар орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Мектеп ішін, кабинеттерін аралап көрген әкімнің орынбасары бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, жуық арада түзеуді тапсырды.
- Құрылыс жұмыстары аяқталғанмен кабинеттерді ретке келтіруге неге асықпайсыздар? Тазалық жұмыстарына кірісіңіздер. Жиһаздарды қойып, кабинеттерді көрнекіліктермен безендіруді бастау керек. Уақыт аз қалды. Ләззат Керімбайқызы, бұл жұмыстар сіздің жеке бақылауыңызда болуы тиіс. 25 тамызда мектеп толық дайын болуы керек. Тағы бір рет келіп, арнайы көремін, жасалған санитарлық жағдаймен де танысамын, - деді Б.Байжұманов.
Өз кезегінде білім нысанының директоры Ләззат Алтынбекова белгіленген мерзімге дейін тазалау, безендіру жұмыстарын аяқтайтындарын айтты. Қажетті жиһаз, құрал-жабдықтар, гигиеналық құралдар – барлығы толық көлемде сатып алынған.
Б.Байжұманов мектеп ауласының көркейту жұмыстарының сылбырлығына да ескерту жасады. «Жұмысшылар қатарын көбейтіп, екі аптаның ішінде толық аяқтаңыздар», - деді ол.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.