
Алматы облысы Көксу ауданы Еңбекшіқазақ ауылының тұрғыны Альмира Дәулетова тауық өсіріп, табыс тауып отыр. Оған «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржы демеу болған, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. .
Көксулық Альмира Дәулетова бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын. Кейін жеке ісін бастауды жөн көрген. Қазір ауласына тауыққа толтырып, жемісін көріп отыр.
Бастапқыда бұл істе еш тәжірибесі жоқ жас ана жүрексінгенімен, кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды. «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, батыл кіріседі.
- Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алатынмын. Құжаттарымды жаңартып өткізуге барғанымда, әкімдіктегілер осы мемлекеттік жоба жайында айтып, түсіндіріп берді. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджерлері бизнес-жоспар құру, қажетті есептерді жүргізуді үйретіп, жеке кәсіпкерлікті ашуға жәрдемдесті. Кішкентай балам өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Тумысынан ерекше күтімді қажет етеді. Сол себепті қандай да бір қызметке орналасу мүмкін болмады. Сондықтан мен сияқты үйде отыруға мәжбүр жандарға бұл үлкен көмек,- дейді Альмира Дәулетқызы.
Ол мемлекеттен алған ақшаға 100 ломанн браун неміс тұқымды тауығын және сыйымдылығы 350 жұмыртқаға жететін инкубатор, қажетті жем-шөп сатып алған. Сөйтіп шаруашылығын жүргізіп бастаған. Алғашында тәжірибесі аз болғандықтан біраз балапаны шығынға да ұшырапты. Дегенмен құс бағуда тәжірибесі бар азаматтармен ақылдасып, дәрумен беру, жемдеу тәртібі және күтіп-бағу жайында кеңес алып, қайта аяққа тұрған.
- Қазір ептеп кәсіптің қыр-сырына қанығып келемін. Жолдасым Берік жаңа қора тұрғызып, тауықтарға ыңғайлы жағдай жасадық, үйдің айналасын жақсылап қоршадық. Осы айда орташа есеппен 1700 жұмыртқа аламыз деп жоспарлап отырмыз. Құс асыраудың еш қиындығы жоқ. Бастысы, күтімі мен жем-шөбі уақытылы болса болғаны, - дейді Альмира Даулетқызы.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір халықтың табиғи таза жұмыртқаға деген сұранысы артқан. Сондықтан тауарын өткізуде қиналмайды.
Көксу ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша ауданда биылдың өзінде 60-қа жуық тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, оларға барлығы 34 миллион 981 мың теңге қаржы бөлініпті. Дәлірек айтар болсақ, 21 көпбалалы отбасылар, 18-29 жас аралығындағы 9 жас және мүмкіндігі шектеулі 1 азамат 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Оның ішінде 25 азамат мал шаруашылығына қатысты кәсіп бастаса, 3 азамат құс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Жыл соңына мұндай азаматтар қатары артады.
Жалпы «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында облысқа қосымша 11,8 млрд. теңге бөлінген. Соның есебінен Жетісу өңірінде 2,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету, 5 мың жұмыс орнын құру, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалу жоспарланып отыр.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.